ОҚО-да 27 тауарлы балық шаруашылығы ашылады

Шымкент. 6 тамыз. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында 27 тауарлы балық шаруашылығы ашылады, деп хабарлады облыс әкімшілігінің баспасөз қызметінде.
Облыс әкімшілігінің ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, бүгін облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Шардарада балық шаруашылығын дамытуға арналған семинар-кеңес болып өтті. Жиынға ОҚО әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев, аудан, қала әкімдері мен аймақтағы кәсіпкерлер және қаржы ұйымдарының өкілдері қатысып, өңірлік балық шаруашылығын 2015-2017 жылдары дамытуға бағытталған іс-шара жоспары талқыланды. Аталған жоспар аясында өңірде 27 тауарлы балық шаруашылығын ашу жоспарлануда. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде балық өндіру көлемі үш жылда екі есеге ұлғайып 3800 тоннадан 8 мың тоннаға жетіп, өндірілген өнім Еуропа елдеріне экспортталмақ. Биыл аталған жоспарды жүзеге асыру үшін «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» 400 млн. теңге қаржы қарастырған. 2016-2017 жылдары бұл мақсатқа қосымша 1 млрд. теңге бөлінбек. ‒ Балық өсіремін деп ниет білдірген әрбір кәсіпкерге бес жыл мерзімге жеңілдетілген пайызбен несиелер берілсе, келер жылдан бастап облыстық бюджеттен балық азығының құнын арзандатуға 300 млн. теңге субсидия бөлінеді. Осылайша облыста балық шаруашылығы жанданбақ, ‒ деді С.Тұяқбаев. Семинарға қатысушылар Шардара қаласында орналасқан «Хамит» СТК балық өңдеу зауыты мен 387 гектар аумақты алып жатқан балық тәлім бағында болып, ондағы жұмыс барысын көрді. Зауыт басшысы семинарға қатысушыларға балықты қабылдап алу, тазалау, балық филесін мұздатып, дайын өнімді қораптарға салу сынды процестермен таныстырды. Бүгінгі таңда Шардарадағы «Хамит» СТК және «Шардара – 1» балық өңдеу зауыттары жұмыс жасайды. Бұл екі кәсіпорын өткен жылы 3600 тоннаның өнімін өндірген. Бұдан бөлек ҮИИДБ аясында 2 шағын балық зауыты мен бір балық өңдеу цехының құрылысы жүруде. Осы нысандар іске қосылған жағдайда қосымша жылына 700 тонна балық өндіріліп, 85 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде осы салада еңбек ететін кәсіпкерлер пилоттық жоба ретінде Шардара су қоймасында балықты торлы шарбақта өсіру әдісін қолға алуда.

adimage