ОҚО-да балық өңдеу кәсіпорыны қызметкерлерінің жалақысын үштен бірге көбейтті

Шымкент. 11 қараша. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысында балық өңдеу кәсіпорыны қызметкерлерінің жалақысын  30-35% көбейтті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз  қызметінен.
«Шардара ауданындағы «Хамит» ӘКҚ балық өңдеу кәсіпорынының қызметкерлерінің жалақысын 30-35% көбейтті. Енді олар орта есеппен 75 046 теңге алады», - делінген сәрсенбіде жарияланған хабарда.  
Бұған дейін өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов Шардара ауданына жасаған жұмыс сапары аясында ӘКҚ қызметкерлерінің жалақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Соған байланысты Шардара қаласы әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ «Хамит» ӘКҚ басқармасы арасында жалақыны көтеру туралы үш жақты меморандумға қол қойылды.  
Хабарда айтылғандай, кәспіорында екі ауысымда 250 адам жұмыс жасайды, олар тек жергілікті жерде ауланған балықты ғана емес, Атырау, Арал және Созақ ауданынан әкелінген шикізатты да өңдейді. Кәсіпорын жылына Еуропаға  2 мың тоннаға дейін балық өнімдерін экспорттайды.

adimage