ОҚО-да мұнай және газды қайта өңдеу саласының мамандарын дайындайтын колледж салынады

Шымкент. 17 қыркүйек. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысында (ОҚО) мұнай және газды қайта өңдеу саласының мамандарын дайындайтын колледж салынады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

«ОҚО-да мұнай және газ өңдеу саласының мамандарын дайындайтын колледж салынады. Сонымен қатар, мұнда техникалық мамандық мамандарын дайындау жоспарлануда», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.
  
Хабарда айтылғандай, Оңтүстік Қазақстан облысында аталмыш колледжді салу мәселесі ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұловтың  директорлар кеңесінің төрағасы Дато Хи Кинг Чонго мырза бастаған  малазиялық Riam Institute of Technology   институтының өкілдерімен кедесуде қозғалған.  Атап айтсақ бірегей оқу орнын құру туралы идеяны Малайзиядан келген мамандар көтерген, ал өңір басшысы оны қолдаған.  

«Білім саласындағы жаңалық пен тәжірибе алмасуды біз қолдаймыз. Тек сіздің ұсынысыңызды міндетті түрде түбегейлі зерттеп, талқылауымыз керек.  десек те мен бұл жоба еліміздің білім саласына оң әсерін тигізеді деп санаймын», - деп келтіреді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ОҚО басшысының сөзін.

Кездесуге қатысушылар білім саласындағы тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Колледж инновациялық технологияларды қолдану арқылы салынады және онда озық халықаралық бағдарламалар бойынша жұмыс жасайтын болады. Оның үстіне оқытушылар құрамының көбі шетелдік мамандардан тұрады.  

Екіжақты кездесуде ОҚО әкімі білім саласының мамандары кіретін арнайы топ құруды ұсынды. Олар Малайзияға барып, сол елдің білім жүйесінің ерекшеліктерімен танысады. Сосын колледж құрылысы туралы идеяны жүзеге асыруға кірісу жоспарлануда.  

adimage