ОҚО әкімдігінде болашақтың қаласы жобасы таныстырылды

Шымкент. 2 қазан. ҚазТАГ – ОҚО әкімдігінде болашақтың қаласы жобасы таныстырылды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  

«Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде болашақтың қаласы жобасы таныстырылды. Жоба Smartcity деп аталады. Бұл идея Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Еңсебаевпен кездесуде талқыланды», - деп хабарлады жұмада облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  

Хабарда айтылғандай, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басшысы облыс және қала әкімдерін қызметтің негізгі бағыттарымен, ақпараттық технологияның және ұлттық ақпараттық жүйенің даму болашағымен, соның ішінде өңірлік деңгейде жүзеге асырылып жатқандарымен таныстырды.  

Компания өкілдері ОҚО әкімдігі мен жергілікті басқару органдарындағы жұмыс сапасын жақсартып, құжат айналымын оңтайландыру мақсатында, сондай-ақ, ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру үшін кезең-кезеңмен «бұлтты сервис» электронды құжат айналымына өтуді ұсынды.

Сонымен қатар, кездесуде «бұлтты әкімдік» тұжырымдамасына қатысты мәселелер, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында басқарушылық шешім қабылдауды қажет ететін мемлекеттік органдардың мәліметтер базасын дамыту және қалыптастыру мәселелері қаралды.

Кездесу қорытындысында қатысушылар ОҚО әкімдігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қызметкерлері құрамынан жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады. Мақсат – оңтүстік өңірді дамытуға бағытталған жергілікті мемлекеттік органдардың әкімшілік-шаруашылық қызметтерін дамыту және біріздендіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.  

adimage