ОҚО әкімі «Қазатомөнеркәсіп» басшысымен екі жақты ынтымақтастық пен компанияның еншілес кәсіпорындарының қоныс аударуын талқылады

Шымкент. 9 қазан. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов «ҚазАтомӨнеркәсіп" ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевті қабылдады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов «ҚазАтомӨнеркәсіп" ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевті қабылдады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген болатын. Дөңгелек үстел басында екі жақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін сөз етті, «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес кәсіпорындарының қоныс аударуына айрықша мән берілді», - деп хабарлады жұмада әкімдіктің баспасөз қызметінен.
  
«Қазатомөнеркәсіптің» өндіруші кәсіпорындары кеңселерінің көшуі Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде іске асырылуда. Кеңселердің қоныс аударуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді және кәсіпорындардың жұмыс тиімділігін арттырады деп күтілуде.

Хабарда айтылғандай, бүгінге дейін кәсіпорынның «Орталық» ӨК», «Инкай» БК» еншілес компанияларының орталық аппараттары Оңтүстік Қазақстан облысына көшіп үлгерген. Ал «Әппақ», «Қаратау», «Ақбастау» БК» және «Заречное» БК» АҚ-ның бас кеңселері қазіргі таңда өңірге көшу үстінде. Осылайша, жыл соңына дейін Шымкентке атом компаниясының 8 еншілес кәсіпорны келіп, нәтижесінде 500 отбасы қоныс аударатын болады.

Басқарма төрағасы А.Жұмағалиев осы көш барысында кәсіпорындарға көрсетіп отырған көмегі үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене қатысатынын атап көрсетті.  

«Жыл басынан бері «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жергілікті кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерден 5,9 млрд теңгеге өнім сатып алған», - деп атпа өтті А.Жұмғалиев.    

Сонымен қатар, бұған дейін кәсіпорын иелігінде болған 12 әлеуметтік нысан ОҚО әкімдігінің балансына өтіп, оларды ұстап тұруға ұлттық компаниядан биыл 88 миллион теңге бөлу көзделіп отыр. Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» жаңа әлеуметтік нысандар құрылысы үшін облыс бюджетіне 800 миллион теңге бөледі.

«Компания мұнымен шектелмей, уран өндіруші өңірге қолдау көрсетуді жалғастыра бермек. Атап айтқанда, осы қазан айында «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес кәсіпорны қаржысына салынып жатқан Созақ ауданының Тасты аулындағы 50 орындық балабақша құрылысы аяқталады», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.


adimage