ОҚО әкімі Сайрам ауданындағы тігін фабрикасында болды

Шымкент. 23 қыркүйек. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі  Бейбіт Атамқұлов Сайрам ауданындағы тігін фабрикасында болды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  

«Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Сайрам ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «GOLDEN NOMAD» тігін фабрикасының жұмысымен танысты», - деп хабарлады сәрсенбіде облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  

Өңір басшысы республикадағы ерлер костюмін тігетін жалғыз кәсіпорынның тыныс-тіршілігін бақылады.

«Бейбіт Атамқұлов отандық тауарөндірушілерді қолдап, киімдердің жоғары сапалы тігілгенін айтып қана қоймай, өзіне 25 мың теңгеге жоғары сапалы костюм сатып алды. Негізінен бұл жаңа баға, қыркүйек айына дейін Оңтүстік Қазақстанда тіліген костюмді 13-15 мың теңгеге сатып алуға болатын еді», - деп атап өтті баспасөз қызметінен.  

Баспасөз қызметінің ақпарынша, Сайрамның Ақсу ауылында орналасқан кәсіпорын 2014 жылдың наурыз айында жұмысын бастаған. 100-ден астам жергілікті азаматты жұмыспен қамтыған серіктестіктің жалпы құны 158 миллион теңгені құрайды. Жалпы қаражаттың 110 миллион теңгесін «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында алған кәсіпкер жылына 26400 дана костюм, 52800 дана шалбар тігуге қауқарлы екенін айтады. Осы жылдың ақпан айынан бастап тігін фабрикасында өндіріс орындары мен банк қызметкерлеріне арналған арнайы (спецовка) киімдер тігіліп жатыр. Жұмысты жандандыруды қолға алған кәсіпкер қараша айынан бастап әйелдерге арналған киім тігетін цех ашуды жоспарлап отыр.

adimage