ОҚО Мақтаарал ауданында сауда-логистикалық орталық құрылысына Т800 млн бөлінген

Күні: 14:08, 24-10-2014.

Шымкент. 24 қазан. ҚазТАГ - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы ірі сауда-логистикалық орталық (СЛО)  құрылысына бюджеттен Т800 млн  бөлінген, деп көрсетілген аудандық әкімдіктің хабарында.  
«Қазіргі таңда инфрақұрылымды салуға  жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, оған республикалық бюджеттен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 800 млн теңге бөлінді», - делінген жұмадағы аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарында.  
СЛО ауданға кірер ауызда орналасады және оның құрамында көкөніс сақтау қоймасы, жүкті ауыстырып тиеу базасы, жүк көліктеріне арналған автопаркинг болады. Орталықтың жалпы алаңы   - 9 га.
Барлық нысандардың құрылысына байқау жарияланады. Аудандық әкімдік  ауданда алғаш рет қолға алынып отырған жоба инвесторлардың қызығушылығын туғызады деп үміттенеді.


Жаңалықтармен бөлісу: