ОҚО Сайрам ауданында кәсіпкерлер мектебі ашылды

Шымкент. 3 шілде. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында кәсіпкерлер мектебі ашылды, деп хабарлады облыс әкімшілігінің баспасөз қызметінен.
Облыс әкімшілігінің ресми сайтында жарияланған, хабарда айтылғандай, Оңтүстік Қазақстанда бастау алған «Астана күніне тарту – 75 нысан» акциясы аясында халқы тығыз қоныстанған Сайрам ауданында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кәсіпкерлік мектебі және екі білім ошағы ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр мен аудан әкімі У.Қайназаров қатысты. Облыстағы барлық аудан, қала орталықтарында бір типті үлгіде бой көтерген нысанда кәсіпкерлер үшін қаржы институттары мен әкімдіктің тиісті құрылымдық бөлімшелері (кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, кәсіпкерлік мектебі, «Ырыс» шағын қаржы ұйымы, кәсіпкерлер палатасы, «Жер кадастр ғылыми өндірістік орталығы», ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі) орналасқан. Енді сайрамдық кәсіпкерлерге өздеріне керекті ақпарлар мен қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік жасалып отыр. Облыстық бюджеттің 147569,7 мың теңге қаржысына салынған бұл ғимаратта арнайы жабдықталған екі оқу бөлмесі, «бір терезе» қағидасы аясында қызмет көрсететін операциялық зал және конференц зал орын тепкен. Құрылысы сегіз айда аяқталған нысандағы құрылыс жұмыстарын «РСУ-1» ЖШС жүргізген. Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Қарабұлақ елді мекеніндегі 900 орындық №17 орта мектептің ашылуына қатысты. Салтанатты шараға ауыл тұрғындары мен ұстаздар, оқушылар арнайы келді. Жиылған көпшілікті Астана күнімен құттықтаған Е.Садыр еңселі білім ордасын аралап, ондағы материалдық-техникалық базамен танысты. Жалпы мектеп құрылысына республикалық қазынадан 924015,0 мың теңге қаралған. Облыстық құрылыс басқармасы тапсырысшы болып табылатын мектепті «РСУ-1» ЖШС салған. Білім ордасы 4 лингафон кабинетімен, химия, билогия, физика сыныптарымен арнайы жарақтанған. Сонымен қатар, 51 компьютер, үш жүз орындық асхана мен 308 орындық мәжіліс залы мен спорт залы да бар.  

adimage