Оңтүстік Қазақстан облысы Польша бизнесі үшін Орталық Азия өңіріндегі базалық алаңға айналуы мүмкін

Шымкент. 3 қыркүйек. ҚазТАГ - Оңтүстік Қазақстан облысы Польша бизнесі үшін Орталық Азия өңіріндегі базалық алаңға айналуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.  

«Польша бизнесінің Орталық Азия өңіріндегі базалық алаңына айналу үшін Оңтүстік Қазақстан облысының барлық мүмкіндіктері бар. Ал, біздің өңірде Агроорталық құру жөніндегі идея облысты ірі көтерме сауда орталығына айналдырып, делдалсыз қызмет ұсынуға мүмкіндік береді. Демек, баға жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді болмақ», - деді Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Үтембаев пен құрамында Польша бизнесінің ірі өкілдері, ғалымдар бар делегация мүшелерімен кездесу барысында  ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов.

Хабарда айтылғандай, екіжақты кездесу барысында облыс әкімі польшалық меймандарға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Сондай-ақ, тараптар ОҚО аумағында бірлесе жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды талқылады. Атап айтқанда, польшалық делегаттар карго-терминалы бар халықаралық әуежай құрылысын жүргізуге, заманауи көлік-логистикалық орталығын ұйымдастыруға, жылыжай шаруашылығы мен етті бағыттағы құс шаруашылығын салуға және жасанды қар шығаратын өндіріс орнын құруға қызығушылық танытып отыр. Бұл жобалар мемлекеттік және салалық бағдарламаларды өз деңгейінде атқаруға елеулі үлес қоспақ.  

«Оңтүстік Қазақстан жылына 300 шуақты, жылы күн болатын өңірлердің бірі. Сондықтан, экологиялық таза күн энергиясын жылыжай кешендерінде қолдану негізгі міндет. Еліміздегі барлық жылыжай шаруашылықтарының 80 пайызы ОҚО-да шоғырланған. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану өңірдің дамуын тағы бір сатыға көтеретіні анық», - деп атап өтті ОҚО әкімі Б.Атамқұлов.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Жалпы алғанда ОҚО аумағында Индустриаландыру картасы аясында құны 868 миллиард теңгені құрайтын 115 жоба іске асырылуда.

adimage