Оңтүстік Қазақстан облысында «Фермер жолсерігі» кітабының тұсаукесері болды

Шымкент. 7 қазан. ҚазТАГ - ОҚО-да «Фермер жолсерігі» кітабы шаруаларға жол тартты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  

«Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, Кәсіпкерлік мектебінің ұйымдастыруымен «Фермер жолсерігі» атты технологиялар жиынтығы кітабының тұсаукесері өтті», - делінген баспасөз қызметінің хабарында.  

Хабарда айтылғандай, бұл кітап өңірдің климаттық жағдайына бейімделіп, қарапайым шаруаның тілінде жазылған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының әр саласына тоқталған оқу құралы шаруалардың кәсіби білімі мен озық технологияларды меңгеріп, шаруашылықта іске асыруына септігін тигізері анық. Жинақ Оңтүстік батыс мал шаруашылығы және өсімдіктану ғылыми-зерттеу институтымен бірге шығарылған.  

«Шаруаларға қажетті ауыл шаруашылығы салаларының барлық өзекті тақырыптары қамтылған бұл кітапқа ғалымдар мен ғылыми-зерттеу инситутының ғалымдары атсалысты», - деді кәсіпкерлер мектебінің директоры Береке Дүйсебеков.

«Фермер жолсерігі» кітабы әзірге тек мелекеттік тілде 2 мың данамен жарық көрген. Жақын арада кітаптың орыс тіліндегі нұсқасын шығару жоспарланған. Ауыл шаруашылығына бейім аймақта шыққан бұл кітап негізгі 7 бөлімнен - табиғи климаттық ерекшеліктері, егіншілік жүйесі, мал азығын өндіру және дайындау, мал шаруашылығы мен құс, ара шаруашылықтары және ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес жоба үлгілерінен тұрады.  

adimage