Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы құны Т617,5 млрд болатын 22 жоба іске асырылады

Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы құны Т617,5  млрд болатын 22 жоба іске асырылады

Шымкент. 15 шілде. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы құны Т617,5  млрд болатын 22 жоба іске асырылады, деп хабарлады облыс әкімшілігінің баспасөз қызметінен.
Ведомство сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішевпен кездесті. Екі жақты өткен кездесуде экономика өсімін арттыруда қосымша резервті анықтау мәселелері талқыланып, қаржыландырылуы тиіс жаңа инвестициялық жобалар сараланды. Кездесу барысында қос тараптар өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, жалпы құны 617,5 млрд. теңгені құрайтын 22 жобаны қаржыландыру жөнінде келісімге келді. Индустрияландыру картасы аясында алғашқы бесжылдықта Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы құны 184 млрд. теңгені құрайтын 137 жоба іске асып, 11 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 130 жоба 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығында толық өндірістік қуаттылығына шықты. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығында жалпы құны 868,8 млрд. теңгені құрайтын 115 жоба іске аспақ. Бұл кәсіпорындарда 19,9 мың жаңа жұмыс орындары құрылады деп жоспарлануда. Оның ішінде биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында құны 12,2 млрд теңге болатын 2 жоба іске асып, 420 жаңа жұмыс орындары ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асқалы бері 790 шағын және орта бизнес субъектілері 407,6 млрд. теңгеге қаржыландырылып, 13041 жаңа жұмыс орындары құрылды. «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасымен өткен жиында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен сөз болып, экономиканы өрге сүйрейтін жаңа жобалардың таныстырылымы өтті. Бұл кездесуде алғаш болып «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасының назарына Шымкент қаласындағы әуежайды жаңғырту жобасы ұсынылды. Былтырғы жылы әуежай 420 мың жолаушыға қызмет көрсетсе, таяу уақытта мұндағы жолаушылар ағыны 30 пайызға артады деп жоспарлануда. Сол себепті әуежайдың терминалы мен ұшу және қону жолағын заман талабына сай қайта жасақтау міндеті тұр. Шымкенттің күн санап ұлғайып отырғанын ескерген жобалаушылар мұнда әуежайдың жаңа терминалымен қатар автостанса және темір жол перронын салуды ойластырғанын жеткізіп, бұл еліміздегі ең тұңғыш мультимодельді хаб болып қалыптасатынын атап өтті. Ал сауда-логистикалық орталығында «А» классты заманауи қоймалар құрылысын бастаған ««Continental Logistics» ЖШС жобаның екінші кезеңінде өзімізде өндірілген көкөністер мен жеміс-жидектерді қалыпты күйінде сақтауға арналған климаттық қоймалар құрылысын бастауды ұйғарып отыр. Еліміздегі және шетелдік нарықта өзіндік орын иеленген «Hill corporation» ЖШС базалық майлар шығаратын жаңа кәсіпорынның негізін қалауды жоспарлауда. Алдын ала жасалған талдау бойынша мұнда дайындалған өнімнің 40 пайызы Қытай Халық Республикасына экспортталмақ. Сондай-ақ бұл кездесуде «Молочный рай» ЖШС 1000 бас асыл тұқымды мал асырайтын сүт-тауарлы фермасы мен замануи сүт өндеу зауыты жобаларының таныстырылымын жүргізді. Ал «Амир А» ЖШС металлургиялық зауыты қос таврлы және үлкен өлшемді швеллер бұйымдарын өндіруді көздеп отыр. Жобалармен мұқият танысқан «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Б.Жәмішев осы жобалардың әрқайсысы да ұйымның мақсат-мүддесіне сай келетініне тоқталып, қаржылай қолдау көрсетуге болатынын атап өтті. Сондай-ақ басқарма төрағасы Кентау трансформатор зауытының қуаттылығы 110-120 Кв трансформаторлар шығару желісін ұлғайту, «Оңтүстік» индустриалды аймағы» дирекциясының газды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру, «Назар текстиль» ЖШС кілем фабрикасының ІІ-кезеңін жүргізу, Түркияның «Каланча» компаниясымен бірлесе джинсы матасын шығару, «Шымкентмай» АҚ өндірістік кешенін жаңғырту секілді жобалармен де танысып, олардың бизнес-жоспарлары ұйым мүдессіне сай болса қаржыландыруға дайын екендігін мәлімдеді. Ал Қасқасуда тау-шаңғы курортын жүргізу, гранулалық пропилендер мен жоғары октанды бензин өндірісіне қажетті метилтретбутилды эфир өндіру, сары фосфор мен фосфор қышқылын шығару, желден электр энергиясын өндіру, радиаторлар өндірісін қолға алу сынды жобалар бойынша бизнес-тәуекелдер нақты есептеліп, жобаның коммерциялық құндылығы мен одан түсетін пайда дұрыс айқындалуы керек деді. Түс қайта «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Шымкент мұнай өңдеу зауыты мен «Стандарт цемент» ЖШС цемент зауытын қайта жаңғырту жұмыстарымен және Шымкент қаласында салынып жатқан сауда-логистикалық орталығында «Continental Logistics» ЖШС-нің қойма кешендерімен танысты.

adimage