Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 1500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылған

Шымкент. 1 қазан. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 1500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылған, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.  

«Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 1500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева биыл 109 мыңға жуық мүгедек азамат есепке тұрғанын хабарлады. Олардың 38 пайызы оңалту шараларымен және әлеуметтік қызметтермен қамтылған», - делінген әкімдік хабарында.

Сонымен қатар, хабарда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік нысандарға кіріп-шығуы бойынша өңірдегі 4083 нысанның 3316-на пандустар орнату қажет екені  айтылған. Биыл жоспарланған 621 пандустың бүгінге 50 пайызы талапқа сәйкестендірілген.  

«Баяндамашыны тыңдаған облыс басшысы бұл тұрғыда жұмыстарды күшейтіп, пандустардың талапқа сай салынуын қадағалауды жауапты мамандарға тапсырды. Сондай-ақ,  білікті дәрігерлер мен мамандардың жеткілікті екенін айтқан облыс басшысы олардың жұмыс істеуіне тиісті жағдайдың жасалмай отырғанын жеткізді», - делінген облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарында.

Әкімдіктің кезекті мәжілісінде көтерілген екінші мәселе мемлекеттік кәсіпорындарда еңбек заңдылықтарын сақтау және жалақы қарыздарын болдырмау жайында өрбіді. Облыстың бас еңбек инспекторы Бастар Есқараевтың айтуынша, жыл басынан бері мемлекеттік коммуналды кәсіпорындарға 18 рет тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 57 заң бұзушылық анықталған. Сондай-ақ, 12 мемлекеттік үлесі бар серіктестіктің 78 миллион теңгеге жуық жалақы қарызы анықталып, бүгінде толығымен төленді.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы еңбек заңнамасын сақтауды, оның ішінде жалақы қарыздарын болдырмау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

adimage