Оңтүстік Қазақстан облысының мақташылары 1 кг шикізаттан Т100 өнім алады

Шымкент. 8 қыркүйек. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысының мақташылары 1 кг шикізаттан Т100 өнім алады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.  

«Кездесуде   (ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұловтың Мақтаарал ауданы мақташыларымен кездесуінде – ҚазТАГ)  мақта жинау бойынша болжамдары айтылды. Олар биыл 94 мың гектардан 230 мың тонна өнiм алуға ниеттенiп отыр. Оның 100 мың тоннасы шетелге экспортталады. Облыс әкіміне  «Ақ алтын» АҚ жұмысымен танысу барысында биыл мақтаның 1 келiсi жылдағыша 70 теңгеден емес, 100 теңгеден қабылданатынын айтты», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.  

Өз кезегінде облыс әкiмi мемлекет тарапынан берiлетiн көмектiң көлемiн ұлғайту үшiн ауыл шаруашылығы министрлiгiне ұсыныс жолдайтынын жеткiздi (қазiр 1 гектар жерге берiлетiн субсидия көлемi 20 мың теңгеден аспайды)
Баспасөз қызметінде атап өткендей, ауданда мақта алқабын 28 мың гектарға қысқартып, шаруашылықты әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргiзiлуде. Бұл – суды үнемдеп, көршi елдiң ағын суына тәуелдiлiктен арылу үшiн жасалып отырған қадам.

«Мәселен, «Арсенал сад» және «Қаршыға тау» шаруа қожалықтары суды үнемдеу үшiн бау-бақшасына Еуропадан әкелiнген көшеттер егiп, тамшылатып суару технологиясын пайдалануда. Сыйымдылығы 1300 тонналық қойманың құрал-жабдықтарын Италиядан сатып алу үшiн келiсiмшарттар қолға алынған. Шаруа қожалықтар жүзiм, алма, алмұрт, қауын егiп, өнiмдi шетелге экспорттауда», -делінген хабарда.

Сондай-ақ өңір басшысы алаңы 27 га болатын индустриалды аймақта болып, 3 жұмыс жасап тұрған цехтың жұмысымен танысты. Жалпы бұл жерде 12 қайта өңдеу кәсіпорындарын салу жоспарлануда. Аймақ басшылығы инвесторларды тарту үшін инфрақұрылым құрылысын жылдамдату қажеттілігін жеткізді.  

Сонымен қатар, Б.Атамқұлов жақында ашылған «Нұғман» мешітінде болды, ол 1 мың адамға есептелген. Оның құрылысына кәсіпкер Б.Нұғманұлы Т1,5 млрд салған. Мешіт жанында 50 оқушыға арналған медресе жұмыс жасайды.  

adimage