Оңтүстік Қазақстанда жылыжайларға арналған құрылғылардың 50-ге жуық түрін шығарады

Шымкент. 23 қараша. ҚазТАГ - Оңтүстік Қазақстан облысында жылыжайларға арналған құрылғылардың 50-ге жуық түрін шығарады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  
«Өңірдегі 9 мыңға жуық жылыжай шаруашылығына қажетті құрылғыларды Шымкенттегі Zero Max Kz зауыты қамтамасыз етуде. 4 жылдан бері жылыжайдың сыртқы қаңқасымен бірге 50-ге жуық қосалқы бөлшектерін өндіретін кәсіпорын оны құрастырып, іске қосумен айналысады. Шығарылатын әрбір тауарға кепілдік беретін зауыт басшылығы бұзылған құрылғыларды жөндеуге де мүмкіндігі бар», - делінген баспасөз қызметінде.  
Әкімдікте атап өткендей, индустрияландыру картасы шеңберінде ашылған кәсіпорын жылына 376 гектар жерге жететін жылыжай құрылымдарын шығаруға қауқарлы. Бүгінге дейін 150 гектар жердің жылыжай құрылғыларын өндірген зауытта болашақта пленка мен тамшылатып суаруға мүмкіндік беретін қондырғылар да өндірілмек.  
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл жаңа зауыт құрылысы басталады. Аталмыш жаңа зауытта да жылыжай бизнесін дамытуға арналған қажетті құрылғыдар шығарылатын болады. Облыста жылыжай шаруашылығымен 8825 агроқұрылым айналысады. Осы жылы өңірдегі жылыжайлар көлемі 110 гектарға артып, 1020 гектарға жетті. Республикадағы жылыжайлар көлемінің 87 пайызын алатын ОҚО-да осы жылы 150 мың тоннаның көкөніс өнімі өндірілді. Мұндай шаруашылықтар өңірдегі Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт аудандары мен Түркістан, Шымкент қалаларында көптеп салынуда.


adimage