Оңтүстік Қазақстандық есірткі саудагерін БҚО соты 12 жылға соттады

Күні: 18:06, 11-11-2014.

Алматы. 11 қараша. ҚазТАГ – Батыс Қазақстан облысында Оңтүстік Қазақстандық есірткі саудагерін 12 жылға соттады, деп хабарлады облыстық сот баспасөз қызметінен.  
«БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Б.О.Жұмановқа қатысты ҚР ҚК-нің 259 бабы 3 бөлігінің «а,в» тармақтарымен сотқа берілген қылмыстық істің үкімін жариялады», - делінген облыстық сот сайтында жарияланған хабарда.
Хабарда айтылғандай, ОҚО облысы Арыс қаласының тұрғыны Б.О.Жұманов  өте ірі мөлшердегі есірткі затын заңсыз өткізу мақсатында өзінің танысымен алдын ала орамдалған, 18 дана полимер пакетке салынған жалпы салмағы 16 кг 852 грамм «кептірілген марихуана» және 1 дана полимерлі пакетке салынған салмағы 41, 24 грамм «гашиш» есірткі затын заңсыз сақтаған. 2005 жылдың желтоқсан айының басында Б.Жұмановтың басқаруындағы «ВАЗ-2123» автокөлігімен «Шымкент-Самара» тас жолымен аталған есірткі затын Орал қаласына тасымалдаған.
Жолда оларды жол полиция қызметкерлері тоқтатып, салонды қарауға оқталған кезде Жұманов қылмыс ізін жасыру үшін көлікке отырып, орнынан тез қозғалып, Орал қаласы бағытына баса жөнелген.
Сол кезде полиция қызметкерлері екі патрулдік автокөлікпен артынан қуған. Жайық өзенінен өтетін көпір маңында Жұманов қасындағысы есірткі заты салынған сөмкемен бірге көліктен секіріп, көпір астына жасырыну үшін көлігінің жылдамдығын бәсеңдеткен. Алайда, артынан куып жеткен полицейлер оны ұстаған. Жұмановтың өзі көлікке жасырынып, кейін оны саябаққта тастап кеткен.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Б.О.Жұманов ҚР ҚК-нің 259 бабы 3 бөлігімен «а,в» тармағымен айыпты деп танылып, осы баппен мүлкі тәркіленіп, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын түзеу колониясының ерекше режимінде өтеуне тағайындалды.


Жаңалықтармен бөлісу: