Оңтүстік Корея Маңғыстаудың медициналық мекемелеріне кеңестік-диагностикалық көмек көрсететін болады

Ақтау. 29 қыркүйек. ҚазТАГ – Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасында Ақтауға Оңтүстік Кореядан денсаулық саласындағы ынтымақтастық мәселесімен келген делегациямен кездесу болды, деп хабарлады агенттік тілшісі.  

«Қазақстанның көптеген медициналық мекемелері көптеген еуропалық емханалармен және Израиль орталығымен тығыз байланыста. Біз Кореяның медициналық орталықтарымен әріптестік екі тарап үшін де өзара тиімді болады деп үміттенеміз. Өз тарапымыздан біз ревматология, гастроэнтерология, гепатология, терапия саласында консультативтік-диагностикалық көмек көрсетуді, сондай-ақ медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру және менеджмент саласында тәжірибе алмасу бойынша Маңғыстаудың медициналық мекемелерімен ынтымақтастықты жолға қоюды  жоспарлап отырмыз», - деді Daegu Fatima Hospital өкілі Цой Мин Сок.

Ол сапарларының негізгі мақсаты – ынтымақтастықты жолға қою, оның ішінде  маңғыстаулық мамандардың кардиология және онкология саласы бойынша Кореяда тәлімдемеден өту мүмкіндігі талқыланғанын айтты.  
Сапар барысында Оңтүстік Кореядан келген делегация Маңғыстау облыстың ауруханасы базасында орналасқан симуляциялық орталықта болып, оның жақсы жабдықталғанын атап өтті.  

«Бұл, әлбетте, оқып жатқандарға медицинаның әр саласында жақсы тәжірибе жинақтауға көмектеседі», - деп атап өтті делегация мүшесі.  

adimage