Оңтүстік Кореяда өтуі тиіс шорт-тректен ӘЧ белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды

Астана. 27 ақпан. ҚазТАГ - Оңтүстік Кореяда өтуі тиіс шорт-тректен әлем чемпионаты коронавирус салдарынан белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды, деп хабарлады Халықаралық конькимен жүгірушілер одағынан (ISU).
«Оңтүстік Кореяның Сеул қаласы 13-15 наурыз күндері өтуі тиіс шорт-тректен әлем чемпионатын өткізуден бас тартты. Бұған себеп - әлемдегі қауіпті дерт коронавирустың таралуы. Сеулдің ресми түрде біріншіліктен бас тартқаны туралы Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы да (ISU) растап отыр. ISU Сеулдегі коронавирусқа қатысты жағдайды үнемі бақылауда ұстап, ең соңына дейін жақсылықтан үміттенгенін мәлімдеді. Алайда, Оңтүстік Кореяның конькимен жүгірушілер одағы Сеулдегі құзырлы органдардың жарыс өтуі тиіс Мокдонг мұз айдын сарайын жауып, жоспарланған іс-шараларады толығымен кейінге шегергенін жария етті», - деп хабарлады бейсенбі күні ҚР Ұлттық олимпиада комитетінен.
Осыған байланысты, шорт-тректен наурыздың 13-15 аралағында өтуі тиіс әлем чемпионаты белгісіз мерзімге кейінге қалды. Әзірге, әлемдік доданың нақты қашан және қайда өтетіні анықталған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 80 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 2774, 19 мыңнан астам адам жазылды.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.

adimage