Оқу-ағарту министрлігі олимпиадада оқушылардың жаппай улану дерегі бойынша Шымкентке комиссия жіберді

Шымкент. 24 наурыз. ҚазТАГ – Оқу-ағарту министрлігі олимпиадада оқушылардың жаппай улану дерегі бойынша Шымкентке комиссия жіберді, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Бүгін балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспановамен, орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевпен бірге жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың барысын бақылау мақсатында Шымкент қаласына келдік. Министрдің тікелей тапсырмасы бойынша олимпиадада орын алған мәселелерді анықтап, шаралар қабылдау туралы жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды», - деп жазды жұмаға қараған түні оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.
Оның айтуынша, штабтың құрамына Министрлік өкілдерінен басқа Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті, білім басқармасы өкілдері кірді.
«Шымкентке жетісімен олимпиадаға қатысушы оқушылармен кездесіп, жағдайын білдік. Команда жетекшілерімен кездестік, әңгімелестік. Республикалық олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысып, бақ сынауда. Олимпиада ережеге және бекітілген жоспарға сәйкес өтіп жатыр. Олимпиада барысында 14 қатысушының дене қызуы көтеріліп, ішек-асқазан сырқаты, сондай-ақ, бір оқушының денесі бөртіп, «желшешек» диагнозының белгілері байқалған. Ұйымдастырушылар дер кезінде тиісті шұғыл шара қабылдаған. Аталған оқушыларға шұғыл жедел жәрдем шақырылып, Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды», - деді оқу-ағарту министрлігі басшысының бірінші орынбасары.
Ол  балалардың хал-жағдайымен танысу үшін қала емханасының басшылығымен сөйлесіп отырмын деп мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта балалардың жағдайы бірқалыпты, тиісті емін алып жатыр. Бұдан бөлек, ұйымдастыру комитеті тарапынан оқушыларға психологиялық көмек көрсетілді. Министрліктің басты міндеті - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, мектеп оқушылары орналасқан жерлерде тиісті санитарлық шаралар ұйымдастырылды. Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жағдайдың туындау себептерін анықтап жатыр. Денсаулық сақтау басқармасымен, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментімен келісе отырып, балалардың тамақтану орны қалалық мектеп-гимназия асханасына ауыстырылған. Сонымен қатар, штаб отырысында әділқазылар алқасы мүшелерімен бірге ауырған мектеп оқушыларының олимпиадалық қорытындылары мәселесі қарастырылды. Әр бала бойынша әділ, объективті шешім қабылданады», - деді бірінші вице-министр.
Ол нақтылағандай, штаб мүшелерімен олимпиаданың қорытынды кезеңінің салтанатты жабылу рәсімін жұмыс тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылданды.
«Сондай-ақ, жоғарыда орын алған жағдайға байланысты Шымкент қаласында 3-8 сәуір аралығына жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиаданың өткізу форматы өзгеріп, өңірлерде өткізіледі. Бұл жағдай Оқу-ағарту министрінің жеке бақылауында. Мен министрдің тапсырмасымен олимпиада аяқталғанша Шымкент қаласында боламын», - деді Каринова.
Атап өтелік, пост астындағы комментарийлерде оны өтірік айтып отыр деп айыптағандар бар.  
«Аталмыш пост авторы өтірік айтып отыр. Егер шаралар уақытылы қабылданған жағдайда балалар ауруханаға түспеген болар еді.  Балалар олимпиада күні ауыра бастаған, ал жедел-жәрдем тек келесі күні ғана  келген.  Мұндай өтірікті бірінші рет жазып отырған жоқ. Менің балам қазір ауруханада жатыр», - деп жазған әлеуметтік желі қолданушысы Марина Нарумова.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте мектеп олимпиадасы кезінде балалардың жаппай уланғаны туралы белгілі блогер Ілияс Мыңжасаров жазған еді.  Ол атап өткендей, «Дарын» республкиалық ғылыми-тәжірибелік орталығы аталмыш деректі елемей, олимпиаданы кейінге шегермеген. Нәтижесінде «кейбірі ауырып отырып, қатысты. Ал ауруханаға түсіп қалғандары мүлде қатыса алмады». Оған қоса, олимпиада тапсырмалары өте нашар құрастырылған, ал кейбірі былтырғы олимпиадалардан толығымен көшіріліп алынған.


adimage