Омбудсмен Маңғыстау облысындағы бала зорлығына қатысты қоғам назарына ілінген іске араласты

Алматы. 16 шілде. ҚазТАГ – Владимир Радионов. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Маңғыстау облысындағы бала зорлығына қатысты қоғам назарына ілінген іске араласты, деп хабарлады омбудсмен аппаратының баспасөз қызметінен.
«Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған Маңғыстау облысының тұрғыны К. Сыдықованың оның қызына қатысты асырап алған отбасы мүшелерінің зорлық-зомбылық жасау қатері фактісі жөнінде уәкілетті органдардың әрекетсіздігіне байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің (Қасым-Жомарт Тоқаев – ҚазТАГ) атына шағымы бойынша Омбудсмен Асқар Шәкіров Бас прокуратураға және Маңғыстау облысының әкіміне мұқият тексеру жүргізіп, осы істі жеке бақылауға алу туралы өтінішімен жүгінді», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Сонымен қатар, Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл мен ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы арасындағы адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде тиісті өтініш осы іс бойынша оның құзыреті бөлігінде Жоғары Сот органының атына жіберілді.
Бұған дейін Сыдықова әлеуметтік желіде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жариялаған еді, ол хатында үлкен қызын зорлаған қылмыскерге қатысты құқыққорғаушы және сот органдарының әрекетсіздігін айтқан.
«Мен 2005 жылдың 26 қазанында заңды некеге тұрдым. Некеде 7,5 жыл тұрдым, үш балам дүниеге келді - 2006, 2007 және 2011 жылы. 2011 жылдың 1 қыркүйегінде кіші қызымның дүниеге келгеніне 17 күн болғанда біз оны қазіргі бұрынғы күйеуімнің апасының отбасының асырап алуына рұқсат бердік. (…). 2013 жылдың 6 маусымында біз ажырастық. Екі үлкен балам сот шешімімен менің қамқорлығымда қалды. Ажырасу процестері аяқталғаннан кейін мен туған жерім Алматыға кетіп қалдым, анаммен бірге тұруға, 3 жыл бойы мен балаларымды жаз мезгілінде әкелеріне жіберіп тұрдым- оның сұрауы бойынша, осылайша қыздарымның өмірі мен денсаулығын оған сеніп тапсырдым», - делінген Сыдықованың ашық хатында.
Оның айтуынша, 2016 жылдың наурызында үлкен қызы, ол кезде жасы 10-да болған, 3 жыл бойы бұрынғы күйеуінің үйінде болғанда күйеуінің жиені оның үлкен қызына қатысты сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттерін жасап келгендігі туралы айтқан.
«Бұл туралы білгеннен кейін Алматы прокуратурасына шағымдандым, олар істі оқиға орны бойынша Маңғыстау облысына жіберді. Қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында басымнан көп нәрсе өтті. Таныстарым мен туыстарым тарапынан кінәлаушылықты да, іс бойынша айғақтардың «жоғалуын» да, мейірімсіздікті де, құқық қорғаушы орган тарапынан дөрекілікті де көрдім. Тергеу амалдары 8 айға созылды. Сот тергеуі барысында сотталушының менің қызыма қатысты кінәсі «Балаларды азғыру» бабы бойынша толық дәлелденді. Аппеляциялық саты соты да оны кінәлі деп тапты», - деп жазды Сыдықова.
Бірақ, ол атап өткендей, белгісіз себептерге байланысты бұрынғы күйеуінің жиеніне шартты мерзім берген, оны ол тұрғылықты жері бойынша өтейді, яғни оның кіші қызы тұратын жерде.
«Менің кіші қызым зорлықшымен бірге тұрып жатыр. Ойланыңыздаршы. Кішкентай қыз кінәлі деп танылған және сотталған адамның отбасында тұрып жатыр. Қамқоршылық органы оны асыранды отбасынан алудың «еш себебін көріп отырған жоқ». Менің асырап алуға беруден бас тарту туралы шағымымнан бас тартқан соттар ол отбасының «тұрғын үй-тұрмыстық жағдайының жақсы» екенін алға тартуда. Мүмкін соттар баланы «тұрғын үй –тұрмыстық жағдайы жақсы жерде» зорласа қатты ауыр болмайды деп ойлайтын шығар?! Осынық барлығы сот үкімі күшіне енгеннен кейін болып отыр. Кішкентай қызымды сол отбасынан алып кетуіме көмектесіңіздерші», - делінген ашық хатта.
Хат кеңінен тарап – жергілікті «Лада.kz» басылымында және «inAktau.kz» порталында жарияланды. Сонымен қатар ол әйел көмек сұрап Аружан Саинның «Дом» қоғамдық қорына да жүгінді.
«Баршаңыздан қызы үшін күресіп жүрген ананы қолдаударыңызды сұраймын! Ол әбден үмітін үзген, енді президенттен көмек сұрауда! Карина бізге бірнеше ай бұрын хабарласты. Бізде барлық құжаттар бар, Каринаның жазып отырғанының барлығы шындық. Біз оған хат жазуға көмекстестік, және оның шағымдарын ІІМ, БП, ПББ және басқа да ұйымдарға жолдадық. Бірақ өкінішке орай ешқандай нәтиже жоқ», - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында Аружан Саин.
Құқыққорғаушы, «Немолчи.kz» жобасының ұйымдастырушысы Дина Таңсәрі соттың зорлықшыға қатысты бапты дұрыс қолданбағанына назар аудартты.
«Ол жағдай бірнеше жыл бойына жалғасқан болса, неге ҚР ҚК 124 б. 1б. бойынша жаза тағайындаған? Бұл 3 б. және мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейін», - деп жазды Таңсәрі Facebook-тегі ананың хатына жазған түсінігінде.


adimage