Қорғаныс министрлігі әскерге көшеден күштеп әкетуге қатысты пікір білдірді, белгілі эколог мәлімдеме жасады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 12 қараша. ҚазТАГ – Қорғаныс министрлігі әскерге көшеден күштеп әкетуге қатысты пікір білдірді, белгілі эколог мәлімдеме жасады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Желіде жастарды көшеден әскерге күштеп әкетіп жатқан видео тарады

Мерзімді әскери қызметке шақырудың қолданыстағы тәртібі туралы қорғаныс министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Министрліктің мәліметінше, күзгі және көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде шақыру қағазын алған жастар жергілікті әскери басқару органдарына өз еркімен бармайды. Әскерге шақырылушыларды тіркеуге олардың тіркелген мекенжайында болмауы, көшкен кезде жаңа мекенжай бойынша тіркелмеуі де себеп болады.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шақыру қағазын жеке өзі тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі. Рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде кейде азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық танытады», – делінген хабарламада.

Шарын шатқалынан Т1,5 млрд-қа шыны көпір салынбақ

Алматы облысының әкімдігі Шарын каньоны үстінен Т1,5 млрд-қа шыны көпір салуды жоспарлап отырғанын айтты. Облыс басшылығының мәліметінше, нысан 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Stan.kz.

«Құны Т1,5 млрд болатын жоба жүзеге асырылуда. Бұл өңірдегі туризм инфрақұрылымын дамытудың жаңа перспективаларына жол ашады. Нысанның пайдалануға берілуі 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланып отыр. Содан кейін көпір жұртшылық үшін ашық болады», – делінген хабарламада.

«Жер сілкінісінен жеті миллион адамға қауіп төніп тұр»: Белгілі эколог мәлімдеме жасады

Танымал саясаткер, эколог Мэлс Елеусізов «Уақыт көрсетеді» жобасына берген сұхбатында Алматыда салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасын сынады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Оның айтуынша, 100 жыл бұрынғы жер сілкінісі қайталанса, жеті миллион адамның өміріне қауіп төнеді.

«Негізі жер сілкінісі зерттелген дүние. 1887 жылы бір рет жер сілкінді. Сосын Кемен жер сілкінісі 1911 жылы болды, ең қатты болғаны сол. Келесісі биыл қаңтарда болды. Соңғысы халықты аяғандай болды, өйткені ол 9-10 баллға дейін жетуі мүмкін еді. 1911 ақпанда жер сілкінісі кезінде тау екіге айырылып, қазір орнында үлкен көл пайда болды. Осындай тағы бір жер сілкінісі болғанда Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Түрікменстан, жалпы алғанда жеті миллион адамның өміріне қауіп төнетін еді. Алматының жағдайы да ауыр болып тұр, бірақ үкімет ешнәрсе істеп отырған жоқ. Қазір не істеп жатыр? Алматының быт-шытын шығарды. Қалада 20 қабатқа дейінгі үйлерді соғып жатыр. Қауіпті», - деді эколог.

«Еліміздің қай өңірінде бала туу көрсеткіші жоғары?»

Ұлттық статистика бюросы биылғы демографиялық жағдай туралы жаңа мәлімет жариялады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мәліметке сәйкес, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша халық саны 20 223 218 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 704 977, ауыл тұрғындары – 7 518 241 адам. Тоғыз айда халықтың жалпы өсімі 189 376 адам болды.

2024 жылдың тоғыз айында Қазақстанда 278,7 мың бала дүниеге келді, қайтыс болғандар саны – 99,5 мың адам. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 179,2 мың адам.

Туудың ең жоғары деңгейі Түркістан облысында (1000 тұрғынға 25,04 адам), Маңғыстау облысында (24,84) және Шымкент қаласында (23,68) байқалды.

Фото көзі: gov.kz


adimage