Оралда 300-ге жуық көшенің атауы өзгертіледі

Күні: 12:48, 12-09-2018.

Алматы. 12 қыркүйек. ҚазТАГ – 2020 жылға дейін қалада идеологиялық тұрғыдан ескірген 300-ге жуық көшенің атауы өзгертіледі, деп хабарлады «Мой город» порталы.
«Жалпы 153 атауды (Оралдағы көше-ҚазТАГ) дайындап, облыстық ономастикалық комиссияның қарауына жібердік.   2020 жылға дейін біз шамамен ескірген 300-ге жуық көшенің атауын өзгертуді жоспарлап отырмыз», - деді Оралдағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұханғалиев қалалық әкімдіктегі кеңесте.
Тілдерді дамыту басқармасы бөлімінің басшысы Жомарт Ерназаров айтқандай, облыста кең көлемді ономастикалық саясат жүріп жатыр, 2018 жылы облыс бойынша 120 көшенің, 1 ықшамауданның, 4 елдімекеннің, 2 саябақ пен 5 географиялық нысанның атауы өзгертілді,  
«Барлық өзгертілген көшенің, ықшамауданның, елдімекеннің, саябақ пен географиялық нысанның атаулары идеологиялық тұрғыдан ескірген, Кеңес Одағынан бері келе жатқан атаулар болатын. Аталмыш жұмыстар ары қарай да жалғаса береді. Біз бұл шаралардың барлығының халықтың пікірімен санасу арқылы жасалып жатқанын түсінуіміз керек», - деп мәлім етті  Ж.Ерназаров.
Бұл ретте Оралда көшенің атауын өзгерту мәселесі ҚР үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға жолданады. Облыстық көше және ауылдар мәселесін облыстық комиссия қарайды. Аталмыш комиссиялар мақұлдағаннан кейін ғана жергілікті атқарушы орган тиісті шешім шығарады.  


Жаңалықтармен бөлісу: