Оралда тазартылмаған қар қоқыстың шашылуына себеп болды

Орал. 19 наурыз. ҚазТАГ – Оралда кірме жолдардың қардан тазартылмауынан техника қоқыс контейнерлеріне өте алмай жатыр, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Қоқыс контейнерлерінің аузы-мұрнынан шығып шашылып жатқаны туралы шағымдар қаланың Зачаганск, Айгүл, Ремзавод секілді түрлі аудандарынан келіп түсуде.
«Бірнеше күн болды ешкім қоқысты шығарып жатқан жоқ. Егер қоқысты уақытылы шығармаса біз не үшін ақша төлеп отырмыз?» - деп шағымдануда Орал тұрғындары.
Өз кезегінде ҚТҚ шығарумен айналысатын «Орал Таза Сервис» ЖШС қоқыс алаңдарына өтудің қиындығын айтуда.
«Біздікі габаритті, үлкен жүк техникасы. Аулаларда жиналып қалған қалың қардың салдарынан олар өте алмайды, батып қалады. Тиесілі аулаларды қардан ПИК тазартуы керек», - деп мәлімдеді «Орал Таза Сервис» ЖШС директоры Рафхат Данағұлов.
Бұл ретте Оралда жауын-шашын бұрынғысынша тоқтамай жауып тұр. Қаладан бүгінгі таңда шамамен миллион текше метр қар шығарылған.

adimage