Оралдағы белсенді: мені ұстаған полицей басымен ұрып, ернімді жарып қойды

Орал. 24 ақпан. ҚазТАГ – Оралдағы белсенді Аслан Сағұтдинов оны ұстаған полицейдің басымен ұрып, ернін жарып қойғанын айтып берді, деп хабарлады «Орал апталығы».
«Ұстау кезінде курткамды жыртты, мен жүрегімнің ауыратынын айттым. Бөлімге алып келген кезде жедел-жәрдем шақыртуларын өтіндім, олар шақырғылары келмеді. Аяқтарым қалтырап, есімнен айырыла бастадым. Сол кезде барып шақырды. Жеті минуттан кейін келеді деді. Жарты сағаттай өткенде демалуым қиындап кетті, сол кезде мен жедел-жәрдем сыртта тұрған шығар, мені оған жібермей отырған болар деп ойладым. Сөйтіп өзім оларға бармақ болып, түрегелдім. Мен олар төменде тұр деп ойладым. Сол кезде полицейлердің бірі мені басымен ұрып, екі ернімді де жарып қойды. Сәлден кейін дәрігерлер келіп, полицейлерден мені олармен жіберулерін сұрады, олар менің жағдайымның нашар екенін көрді», - деді Сағұтдинов.
Оның айтуынша, ол өзін ұрған полицейдің түрін есіне сақтап қалған, бірақ арызданғысы келмейді.
«Олай жасаудың мәні жоқ. Арызымды қарайтындарына сенбеймін», - деді Сағұтдинов.
Еске салсақ, 22 ақпанда Қазақстанның бірқатар қалаларында, соның ішінде Алматы мен Нұр-Сұлтанда митинг өткізу әрекеттері жасалды, алайда азаматтық белсенділердің әрекеттерін күш құрылымдары өрескел түрде тоқтатты. Жүздеген адам себепсіз ұсталып, көбі қамауға алынды.

adimage