Ордабасыдағы алқаптар енді сусамайды

Түркістан. 10 тамыз. ҚазТАГ - Судың қадірін диқаннан артық кім білген?! Жер емген егіншінің еңбегі яғни, дәннің жеміс беруі тіршілік нәріне байланатыны рас. Түркістан облысы Ордабасы ауданының диқаншылары бірнеше жылдан бері ағын судан тапшылық көріп, бейнетінің зейнетін көре алмай жүрген еді. Себебі каналдардың тазалық көрмегеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Салдарынан ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі төмен болғаны да жасырын емес.
Аудан бойынша ауыл шаруашылық мақсаттағы жер көлемі 208387 гектарды құраса, оның 40 пайыздан астамы егістікке қолданылады. Енді сусап жатқан егістік алқаптары қурамайды. Себебі жыр болған су мәселесі оң шешімін тауып келеді. Аудан әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлының тапсырмасына сәйкес ірілі-ұсақты каналдар тазаланып, ауылдағы ағайынның жүзіне күлкі, қара топырақтың бойына қан жүгірді. Су жетпей қалу қаупін сейілту мақсатында қазіргі таңда демеушілер есебінен 43 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Механикалық тазалауды қажет ететін 214,6 шақырым су арнасында бүгінгі таңда механикалық тазалау аяқталды. Нәтижесінде 15 699 га жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, су жетпейтін 2 664 га жердің мәселесі шешімін тапты.
Судың азабын тартып келгендердің бірі Қараспан ауылдық округінің шаруалары. Мұндағы диқандар 905 агроқұрылым жалпы 4 731 гектар суармалы жерді пайдалануда. Оның ішінде «Қараспан магистралды» каналы арқылы жалпы ұзындығы 80 шақырымды құрайтын 17 ішкі каналдармен ауыл шаруашылығындағы 4 258 гектар суармалы жер суарылады. Қалған 473 гектары Қажымұхан ауыл округіне қарасты «Құртай» каналы арқылы және су сораптары арқылы суғарылады. Бірнеше жылдан бері жаз айларында егістік жерлерге су жеткізу бұл аумақта өзекті мәселе болып келген. Бұл түйткілді түбегейлі шешу үшін Бадам өзеніне бөгет қойылып, ұзындығы 4,2 шақырым жаңа канал қазылды. Аталған жұмыстарға арнайы 7 техника тартылған. Сөйтіп «Қараспан магистралды» каналына су жіберу арқылы 2 664 га жерге су жеткізу мәселесі шешілді. Нәтижесінде Бейсен, Жаңатұрмыс, Ақжол, Мақташы, Сарыарық, Жұлдыз Ынтымақ, Мәдениет, Семхоз елді мекендерінің егістік жерлеріне су жеткізілді. Сондай-ақ бүгінде Қажымұқан аулындағы басты-басты деп саналатын Найман, Құртай, Қазыналық, Бозшымыр, Теспе каналдары тазалануда. «Каналдардың жалпы, 23,5 шақырымы тазаланды. Алдағы 20 күннің ішінде 4 канал толық тазаланып бітетін болады»,- дейді Қажымұқан ауылының әкімі Ілияс Тұрнияз. Атақты палуанның есімін иеленген ауыл іргесіндегі жалпы көлемі 125 шақырымды құрайтын 5 каналдың бүгінде 45,5 шақырымы тазартылған. Нәтижесінде, суармалы жердің көлемі ұлғайып, 500 гектарға дейінгі аумаққа ағын су жеткізілді. Қуаныштарында шек болмаған шаруалар биылғы жылы қарапайым жоңышқаның өзін 5 есеге дейін көбейттік дейді.




Шұбарлық тұрғындардың негізгі күн көрісі осы егіншілік пен төрт түлік мал шарушылығы. Ауылдағы жамағат тіршілік көзіне жарымағасын қамбасы да астыққа толмайтын. Халықтың қуанышына орай, осы жылы мамандар округтегі 6 каналды тазарту жұмыстарын бастаған. Нәтижесінде, ондағы 32 шаруа қожалықтың 88 гектар жері ағын сумен қамтылды. Ағын судың тапшылығын көріп келгендердің бірі – Әбілдә Қабылов. Оның иелігіндегі «Мәмбетқұл» шаруа қожалығында 6 гектар жер бар. Онда дихан қызанақ, картоп, жүгері дақылдарын еккен. Екінші өнімге баялды егуді жоспарлап отыр. Шаруа суармалы жердің көлемі артып, өнімінің ұлғайғанына дән риза.
Ағын су мәселесін басты назарына алған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков каналдардағы тазалық жұмысын бақылауды әдетке айналдырған. Жақында аудан басшысы Бадам ауыл округіндегі механикалық тазалау жұмыстары басталған Ақбұлақ каналына барып, атқарылған тірліктерге қанықты. Су арнасының жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайды, бұл канал арқылы 71 шаруашылық егістіктерін суғаруда. Ақбұлақты тазалау мәселесі мұндағы шаруаларды көптен алаңдатып жүрген еді. Бұл түйіткілдің түйінін тарқатқан әкімге шаруалар ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, Ордабасы ауданында жыл басында 65 400 га егістік жерді игеру жоспарланған болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 65 709 гектарды құрап отыр. Сондай-ақ ауданда жыл басынан бері ауыл шаруашылық саласында өндірілген өнім көлемі 10 млрд. 496,1 млн.теңгенi құраса, оның iшiнде егін шаруашылығына тиесілісі - 1млрд. 185,8 млн. теңгені құрайды. Суға қол жеткізген шаруалар алдағы уақытта өнімді молырақ алудан дәмелі.

adimage