Қордай маңындағы ЖКО: марқұмдардың денелері Өзбекстанға жеткізілді

Алматы. 22 сәуір. ҚазТАГ – Қордай маңындағы ЖКО-да қаза тапқан өзбекстандықтардың денесі Өзбекстанға жеткізілді, деп хабарлады Өзбек телеграф агенттігі (ӨзТАГ).
«Алматыдағы Өзбекстан бас елшілігінің ақпарынша, 20 сәуірде Жамбыл облысында ЖКО салдарынан қаза тапқан өзбек азаматтары У.Абдухаликовтың, А.Калмуратовтың, Д,Ермекбаеваның денелері туыстары танығаннан кейін және Бас елшілік қызметкерлері барлық құжаттарды толтырған соң 22 сәуірде «Жібек Жолы» - «Гишт куприк» БӨБ арқылы туыстарымен бірге көлікпен Өзбекстанға жеткізілді», - делінген дүйсенбіде Өзбекстан СІМ баспасөз қызметінен.
Бұған дейін хабарланғандай, 21 сәуірде Қордай маңында автобустың қатысуымен орын алған ЖКО салдарынан зардап шеккен Өзбекстан азаматтарын арнайы бортпен Ташкентке жеткізді.
Еске салсақ, 20 сәуірде шамамен 05.00-де Жамбыл облысы Қордай ауданында Алматы-Ташкент көлік жолының 181 шақырымында Toyota Camry маркалі көлігі сол бағытта кетіп бара жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Тас жолмен кетіп бара жатқан жолаушылар автобусы жоғарыдағы көлікке соғып кетпес үшін бұрыламын деп, аударылып кеткен. ЖКО салдарынан оқиға орнында 11 адам көз жұмып, тағы 29-ы зардап шеккен. Қаза тапқандар арасында сегізі – Қазақстан азаматтары, үшеуі – Өзбекстан азаматтары. Барлығы Жамбыл облысы полиция департаментінің ақпарынша, автобуста 49 адам болған, оның 15-і Өзбекстанның, бесеуі – Тәжікстанның азаматтары.

adimage