ОСК Тоқаевты президенттікке үміткер ретінде тіркеді

Күні: 12:40, 03-05-2019.

Астана. 3 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке үміткер ретінде тіркеді, деп хабарлады ОСК.
«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы» қаулы қабылданды», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Орталық сайлау комиссиясында нақтыланғандай, Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауына Қазақстанның барлық 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолы жиналды.
«Олардың 313 653-і дұрыс деп танылды. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 15 сәуірдегі № 13/237 қаулысымен белгіленген Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты қолдау үшін дұрыс қолдардың қажетті саны кемінде 118 140 қолды құрайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді», - делінген хабарда.
Тоқаев 23 сәуір күні Nur Otan партиясынан президенттікке үміткер ретінде ұсынылды.
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы лауазымындағы өз өкілеттігін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойған еді. Келесі президент сайлауына дейін елді уақытша сенаттың экс-спикері Тоқаев басқарады.
9 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады, ол үндеуде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетін мәлімдеді.


Жаңалықтармен бөлісу: