Қостанай облысында қаражатты жымқырғаны үшін аудандық мәдениет үйінің басшысы мен бас есепшісі сотталды

Астана. 12 қараша. ҚазТАГ – Қостанай облысында қаражатты жымқырғаны үшін аудандық мәдениет үйінің басшысы мен бас есепшісі сотталды, деп хабарлады ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен.
«Қостанай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлық күдігіне іліккен «Е. Өмірзақов атындағы Таранов аудандық мәдениет үйі» ММ-нің басшысы Жандыбаева мен сол мемлекеттік мекеменің бас есепшісі Мощенкоға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. (…) Ағымдағы жылдың 11 қарашасында Таранов аудандық сотының үкімімен Жандыбаева Б.К. кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленбестен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалды; Мощенко В.А. мүлкін тәркілеусіз 2 жыл 6 айға бас бостандығына шектеу қою жазасына кесілді», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, сотталғандар өмір бойына мемлекеттік мекемеде қызмет атқару құқығынан айырылған.
«Олар Т722 мың сомаға костюмдерді тігу бойынша орындалған жұмыстардың жалған актісін әзірлеп, оған қол қою жолымен қызметтік жалғандық және бюджеттік қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген», - делінген хабарда.

adimage