Астана. 3 мамыр. ҚазТАГ – «Қостанай-Рудный» учаскесінде жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Орташа жөндеу жұмыстары ұзындығы 28 шақырым болатын «Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Рудный-Қостанай» автожолының 515-543,5 км учаскесінде жүргізіледі. Қайта жаңғырту жұмыстары аясында жолшылар «Қостанай-Рудный» автожолының оң жағында орташа жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды аяқтады. Дәл қазір тас жолдың сол жағында жол жабындысын салу жұмыстары басталды», - деп хабарлады жұма күні ИИДМ-нен.
Ведомствода нақтылағандай, қазіргі уақытта «Қостанай жолдары» ЖШС мердігерлік ұйымы ұзындығы 14 км қолданыстағы жол жабындысын фрезерлеу және ұзындығы 3,5 км тегістейтін қабатты төсеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс нысанына 8 бірлік жол-техникасы мен 32 адам жұмылдырылған.
«Биыл орташа жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 4 жолақты қозғалысы бар І-ші санаттағы автожол толық пайдалануға беріледі», - делінген хабарда.
Қостанай-Рудный тас жолының сол жағын жөндеу жұмыстары басталды
