Астана. 3 қараша. ҚазТАГ – Париждегі Астана күндері екі астананың арасындағы байланысты нығайта түсті, деп хабарлады елорда әкімшілігінің баспасөз қызметінен.
«Парижде Астана күндері аяқталды. Бұл Қазақстан мен Францияның, Астана мен Париждің арасындағы байланыстарды нығайта түскен жарқын және айрықша мәдени оқиға болды», - делінген Астананың ресми сайтында дүйсенбі күні жарияланған хабарда.
Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов қазақ халқының мәдениеті, рухани түп-тамыры мен салт-дәстүрлері алғаш рет кең көлемде көпшілік назарына ұсынылғанын атап өтті, бұл оқиғаның екі жақты қарым-қатынастар тарихында қалатыны сөзсіз.
Франция астанасының орталығында әйгілі Лувр мұражайының алдында ашылған қазақ этноауылы келушілерді тәнті етті. Пале Ройяль алаңынан орын тепкен үлкен киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар, тұрмыстық заттар мен қолданбалы өнер бұйымдары қойылған арбалар, көпшіліктің көзінше зергерлік бұйымдар жасаған, кілем тоқыған және басқа да ұлттық нақыштағы бұйымдар дайындайтын ұлттық өнер шеберлері, қазақ ұлттық тағамдары, жанды музыка мен мың бұралған бишілер, қонақтарды киіз үйге шақырған сауыт киген батырлар мен ұлттық киімдегі қыз-келіншектер осының барлығы сонау жұмбақ көшпелілер еліне саяхат жасағандай әсер беріп тұрды.
Сонымен қатар, Париждегі Астана күндері аясында делегация мүшелері Франция астанасы мэриясы мен муниципалдық ведомстволарының өкілдерімен бірқатар ресми кездесулер өткізді.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева Париж мэрінің дипломатиялық кеңесшісі Аурелиен Лешевальемен кездесті. Кездесу барысында екі астананың ынтымақтастығын жалғастыру мәселелері сөз болды. Аида Балаева Астана күндерін ұйымдастыруға көрсетілген көмек үшін алғыс айтып, екі жақты қарым-қатынастың өзектілігіне тоқталды, бұған денсаулық сақтау саласындағы Густав Росси атындағы клиникамен бірлесе сәтті жүзеге асырылып жатқан онкоауруларды емдеу жөніндегі жоба мысал бола алады. Астана қаласы әкімінің орынбасары Парижбен барлық бағыттарда, соның ішінде экономика, инвестициялық сала, мәдениет, денсаулық сақтау және т.б. ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін жеткізіп, қазақстандық астананың зор әлеуеті мен мүмкіндіктері жайлы айтып берді. Бұдан басқа, Аида Балаева Париж қаласы бірінші округының мэрі Жан-Франсуа Легарэмен жүздесті. Қала басшысының орынбасары Астананың медицина саласында ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін жеткізді. Мұнда педиатрия, травматология, ревматология, гематология салаларын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Астана жас қала болғанымен «ақылды» қала мен туристік орталық ретінде дамып келеді. Халықаралық деңгейдегі маңызды жобалардың бірі - 2017 жылы ЭКСПО көрмесіне дайындық және оны өткізу болып табылады. Аида Балаева француз тарабын көрмеге белсенді қатысуға шақырды, барлық ұсыныстардың мұқият қаралатынын айтты. Айта кетейік, дауыс беру Париж қаласында өткізілген, халықаралық көрмені Қазақстанда өткізу туралы шешім де осында қабылданған болатын.
Жан-Франсуа Легарэ, өз кезегінде, Қазақстанның қарқынды экономикалық өсімін, Астананың тез салынғанын, оның заманауи стилін ерекше атап өтті. Легарэ Парижде немесе Астанада тағы да кездесуге ықылас білдіріп, ынтымақтастыққа мүдделілік танытты.
Париждегі Астана күндерінің соңғы күні әйгілі «Опера Бастилия» театрында гала-концерт өткізілді. «Астана Опера» театрының жас талантты ұжымы Франция астанасына ерекше бағдарламасымен келген еді.
Қатысты сілтемелер
-
Қазақстанның СІМ Қытаймен визасыз режим екі-үш айда күшіне енеді деп күтуде29 Мамыр 2023, 19:31
-
Туған қыздарын зорлады деген күдікпен ер адам Алматы облысында қамауға алынды29 Мамыр 2023, 19:20