Павлодар облысы Баянауыл ұлттық саябағындағы өртті үшінші тәулік сөндіруде

Павлодар. 16 шілде. ҚазТАГ - Павлодар облысы Баянауыл ұлттық саябағындағы өртті үшінші тәулік сөндіруде, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Өрт 14 шілдеде басталды. №83 учаскедегі 2,5 га алаңдағы өрт сағат 19.25-те ауыздықталды, яғни өрт сөндірілгенмен, түтіндеп жатты. Сол жерде №73 учаскедегі 9 га алаңдағы өрт 22.12-де ауыздықталды. Қазіргі таңда оның қанша га алаңды шарпығаны белгісіз. Сипаттамасы бойынша бұл жер таулы, көк шөпті. Биыл бұл Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы аумағындағы ірі өрттердің бірі», - деп мәлім етті Баянауыл ауданы әкімінің аппараты төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспектор Саят Қабдиев.
Ол атап өткендей, тілсіз жау шарпыған аумақ аудан орталығынан 10 ш жерде орналасқан.
«Баянауыл ауылынан 10 ш жерде орналасқан. От шарпыған аумақты Жасыбай демалыс аймағынан Сабындыкөл көлі ғана бөліп тұр, таулар, жолдар – шамамен 25 ш», - деді бас инспектор.
Оның ақпарынша, өртті сөндіруге 78 адам мен 20 шақты бірлік арнайы техника тартылған.
«Аудандық әкімдік адамдармен, техникамен, отынмен қамтуда. Төрт бірлік техника, соның ішінде арнайы мамандандырылған үш техникасы бар көмекті облыстық өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі жіберді. Бүгін қосымша техника мен 50 шақты адам жұмылдырылуда, олар шелекпен, күрекпен, шапалақтармен жабдықталған. Екі бірлік арнайы техниканы орман күзеті жіберді. Бүгін сағат 11.10-да МИ 8 екі тік ұшағы жұмыстарын бастады, бірі аумақты торуылдап жүрсе, екіншісі 2,5 текше суымен өртті сөндіруде», - деді Қабдиев.
Сонымен қатар, ол қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жоғын айтты.
«От тұтану себебі өрт толық сөндірілгеннен кейін белгілі болады. (…) Өрт сөндіру штабы от шыққан жерден 1 ш қашықтықта орналасқан», - деді Қабдиев.

adimage