Павлодар облысында коронавирусты жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді

Астана. 27 наурыз. ҚазТАГ - Павлодар облысында коронавирусты жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
«27 наурыз сағат 14.20-да Қазақстанда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың Павлодар облысында бір жағдайы тіркелді. Сонымен елімізде коронавирустық инфекцияның 125 жағдайы расталып отыр», делінген жұмадағы хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 534,5 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 24,1 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген.
Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 125 жағдайы тіркелді. 25 наурызда екі қазақстандықтың коронавирустан жазылып шыққаны хабарланған еді. Ал 26 наурызда Нұр-Сұлтанда бір әйел коронавирус инфекциясы салдарынан көз жұмды.

adimage