Павлодар облысында жаңа оқу жылына 70 білім беру нысанын қайта жөндеуден өткізеді

Павлодар. 11 тамыз. ҚазТАГ – Павлодар облысында жаңа оқу жылына 70 білім беру нысанын қайта жөндеуден өткізеді, деп хабарлады облыс әкімшілігінен.
Облыс әкімшілігінің сайтында хабарланғандай, облыс әкімдігінде аймақ басшысы Қанат Бозымбаевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте білім беру нысандарында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының барысы, сондай-ақ олардың жаңа оқу жылына даярлық деңгейі қаралды.
Облыс білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова берген ақпар бойынша биылғы жылы 70 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың ішінде 22-сі – «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде, ал 48-і- жергілікті бюджет есебінен. Барлығы 9 балабақша, 58 мектеп және басқа типтегі 3 мекемені күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
Білім беру ошақтарын жөндеуге 853,4 млн. теңге бөлінген, оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша – 498,1 млн.теңге, жергілікті бюджет есебінен – 355,3 млн.теңге.
Айта кететіні, 8 білім беру мекемесінде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, 25 тамызға қарай тағы 8 нысандағы жұмыстар аяғын таппақ, ал қалған 6 мектептегі жоспарлы жұмыстар уақтылы жүргізілмей, қиындық туғызып отыр.
Анықтама үшін: проблемалы нысандар қатарындағылар: Ақтоғай ауданының Қайырбаев атындағы орта мектебі, Ертіс ауданының Северная орта мектебі, Павлодар ауданының Красноармейка балабақшасы, Лебяжі ауданының Шарбақты ауылындағы балабақша, Железин ауданының Озерная орта мектебі,  Баянауыл ауданының №2  Майқайың орта мектебі.
Жергілікті бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізілген 48 нысанның 25-інде жұмыстар аяқталды, 15-інде жұмыстар кестеге сәйкес жүруде, олардың 10-ында жұмыстардың 80%-дан астамы атқарылған.
Аймақ басшысы Қанат Бозымбаев білім беру мекемелерінің жылу беру маусымына дайындығы, сондай-ақ мектептердің оқу құрал-жабдықтарымен және мамандармен қамтамасыз етілу мәселесіне де тоқталды.
Биылғы жылы облыс мектептеріне 589 жас маман жолдама алды, 5 тамыздағы жағдай бойынша олардың 332-сі келіп жетті, жаңа оқу жылының басына дейін қалған мамандар жұмыс орындарына орналасады деп күтілуде.
Облыс білім беру ошақтарына 593 млн. теңге сомасына 773,3 мың дана оқулық толық көлемде жеткізілді.
Жиын соңында аймақ басшысы Қанат Бозымбаев қала және аудан әкімдеріне, білім беру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларына әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылу беру маусымына сақадай сай болуын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қолдануды, жас мамандарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетуді, сондай-ақ білім беру нысандарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімдерде аяқтауды тапсырды.

adimage