Павлодар облысында жылына 40 мың шаршы метр тұрғын үй сала алатын үй салу комбинаты ашылды

Павлодар. 11 тамыз. ҚазТАГ – Павлодар облысында темір-бетон бұйымдары зауытының базасында (ТБЗ) жылына 40 мың шаршы метр тұрғын үй сала алатын үй салу комбинаты (ҮСК) ашылды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Облыс әкімшілігінің ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, Павлодар өңірінде құрылыс индустриясы саласындағы ірі жобаның іске асырылуы аяқталды.
«Даму Өндіріс II» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық банкі» АҚ  «ЗЖБИ ТемiрТас Павлодар» ЖШС-мен бірлесіп үй салу комбинатын құруға арналған темір-бетон бұйымдар зауытын жаңғырту жұмыстарын аяқтады.
Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев осы жаңа нысанды ашу салтанатына қатысты.
Жылдық қуаты 40 мың шаршы метр тұрғын үйді құрайтын, ал болашақта  жылдық қуаты 100 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды деп күтілетін жаңа кәсіпорын құрылыс материалдарын ірі жасап шығарушысы ғана емес, сондай-ақ аймақтағы сапалы және қолжетімді тұрғын үйдің ірі құрылысшысы болмақ.
Комбинаттың негізгі өнімін «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ және басқа да жобалау институттары әзірлеген үлгілік жобалар бойынша жинамалы-монолиттік каркастық үй салу технологиясы бойынша нысандар салуға арналған темір-бетон бұйымдар құрайды.
Комбинатта бүкіл әлем бойынша жинамалы темір-бетон технологиясын кешенді енгізу жағынан көшбасшы деп танылған «ELEMATIC» атты фин компаниясының жабдығы орнатылған.
Сондай-ақ үй салу комбинаты негізінде ені 1500 мм болатын плиталарды, колонналарды, ригельдер мен арқалықтарды, үш қабатты сыртқы панельдердің өндірісіне арналған бұрылыс үстелдерін және тағы басқа да бұйымдарды жасап шығаруға арналған палубасыз үлгілеу желісі іске қосылған.
Кәсіпорында 100-ден астам жұмыс орны құрылған. Жобаны іске асыруға 1 млрд. 332 млн. теңге қаражат жұмсалған.
Одан басқа, бүгін Павлодар қаласы әкімдігі мен «ЗЖБИ Темір Тас Павлодар» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды. Қол қойылған құжат аясында екі тарап Павлодар қаласында 1 шаршы метрі 145 мың теңгеден қымбат емес сапалы да қолжетімді тұрғын үй салу жөнінде келісті.
«ЗЖБИ Темір Тас Павлодар» ЖШС жуық арада «Сарыарқа» шағын ауданының (Алюминстрой) тұрғын үйлерін салуға атсалысады деп күтілуде.

adimage