Павлодарда COVID-19 жұқтырған қарт кісі қайтыс болды

Астана. 10 сәуір. ҚазТАГ – Павлодарда COVID-19 жұқтырған қарт кісі қайтыс болды, деп хабарлады бейсенбі күні ҚР денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Павлодар облысындағы коронавирус жағдайы: 2 жаңа жағдай тіркелді, 1 адам көз жұмды. Павлодардың 1936 жылы туған тұрғыны көз жұмды, ол 8 сәуір күні ауруханаға ауырып түскен болатын, кейін одан коронавирус анықталды. Марқұм 2016 жылдан бері тыныс демікпесі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүректің ишемиялық ауруы, күретамырлы қысымның үшінші деңгейлі көтерілуі және дене терісінің қатерлі ісігі диагнозымен есепте тұрған. Осы аурулары оның ауруын күшейтіп жіберген», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Хабарда нақтыланғандай, Павлодарда COVID-19 диагнозымен тіркелген екінші науқас 1981 жылы туған, ол 8 сәуірде инфекциялық госпитальға жатқызылды. Оның жағдайы қазіргі таңда қанағаттанарлық.
Онымен байланыста болғандардың бәрі анықталып, стационарлық карантинге оқшауландырылуда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин шаралары күшейтілді. 3 сәуірде мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы жұмыссыз режимді 6 сәуірден 13 сәуірге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұдан басқа карантин режимі Шымкентте 4 сәуір сағат 21.00-ден бастап енгізілді. 6 сәуірде Тоқаев екі отандық ғылыми институттың ұжымын коронавирусты анықтауға арналған өзіміздің диагностикалық тест-жүйемізді ойлап табуларымен құттықтады
Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 781 жағдайы тіркеліп, 60-ы жазылып, жеті адам көз жұмған еді.

adimage