Петропавлда бір отбасының 19-шы сәбиі дүниеге келді, «Дикий Арманның» сыбайластары ұсталды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 7 тамыз. ҚазТАГ – Петропавлда бір отбасының 19-шы сәбиі дүниеге келді, «Дикий Арманның» сыбайластары ұсталды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қоюға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізуде, деп хабарлайды El.kz.

Соңғы екі жылда 140-тан астам осындай топтардың қызметі тоқтатылған. Криминалитеттің 550-ден аса өкілі жауапқа тартылған.

«Аса қауіпті қылмыстық топтарды, оның ішінде «қаңтар оқиғасы» кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды құрықтау бойынша белсенді кезең аяқталып жатыр. Биылғы тамызда ҰҚК және бас прокуратурамен бірлесіп, Алматы және Шымкент қалаларында бір уақытта «Дикий Арманның» ұйымдасқан қылмыстық тобының 15 ықтимал мүшесіне қатысты ұстау және тінту шаралары жүргізілді. Топтың жетекшісі мен негізгі мүшелері қамауға алынғанымен, оның басқа мүшелері бостандықта заңсыз әрекеттерді жасауды жалғастырған», - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

«Ақтөбе облысында жарысқа бара жатқан 3 бала жол апатынан көз жұмды»

Самара-Шымкент тасжолының 862-шақырымында жүк көлігі мен минивэн соқтығысып, салдарынан 6 адам көз жұмды, олардың үшеуі бала, деп хабарлайды Stan.kz.

«Апат салдарынан Toyota Ipsum автокөлігінің жүргізушісі мен оның бес жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Оның үшеуі бала. Алдын ала мәлімет бойынша, балалар мен олардың ата-аналары басқа облыста өтетін футбол жарысына кетіп бара жатқан», – деп мәлімдеді темір жол министрлігінің басқарма басшысы Айдос Құлжанов.

Көз жұмған балалардың 6, 7-сынып оқушылары екені белгілі болды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
«Петропавлда бір отбасының он тоғызыншы сәбиі дүниеге келді»
Петропавлдағы перинаталдық орталық ең көпбалалы отбасы Култышевтердің 19-ыншы нәрестесі өмірге келгені туралы бөлісті, деп хабарлайды Turkistan.

«Бойы 56 cм, салмағы 4 250 гр болатын сүйкімді қыз өмірге келді. Бұл – қуаныш пен бақыт сыйлайтын өте керемет оқиға. Шаңырақтарыңыздан береке-бірлік кетпей, жылулыққа толы болсын», - делінген перинаталдық орталықтың әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жаңа босанған жас ананың жасы 43-те, нәрестенің әкесі – 45 жаста. 19 баланың барлығы осы перинаталдық орталықта дүниеге келген.
Маңғыстаудағы балалар пансионаттарында заңсыз діни білім беріліп келген

Маңғыстаудағы бес бірдей пансионатта балаларға заңсыз діни білім беріліп келген. Облыстық прокуратура ұйым басшыларымен бірге жасөспірімдердің ата-аналарын да жауапқа тартты, деп хабарлайды «Курсив».

«Барлық мекеме бойынша тәрбиеленушілердің діни әдебиеттерді пайдаланғаны және басқа да заңдылықты бұзушылық фактілері анықталды. Осылайша балалардың білім, тәрбие және уақтылы медициналық көмек алу құқықтары мен бостандықтары айтарлықтай бұзылған», – делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Қазір прокурорлардың талап-арыздары бойынша сотпен барлық көрсетілген пансионаттың тіркеу күші жойылып, қызметтері тоқтатылды.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage