Астана. 5 қыркүйек. ҚазТАГ – Полицейлер Астанада үйлерді аралайды, деп хабарлады елорда әкімдігінің интернет-ресурсынан.
«Қызмет көрсетілетін әкімшілік аймақтарда құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын-алу және жолын кесу мақсатында 2018 жылдың 05 қыркүйегінен бастап 05 желтоқсанға дейін Астанада «Учаске» жедел алдын-алу іс-шарасы өткізілуде. Осы аралықта учаскелік инспекторлар тұрғындар туралы мәлімет алу үшін өз учаскелеріндегі пәтерлер мен аулаларды аралайды, өзінің және ІІБ кезекші бөлімдерінің байланыс мәліметтері бар карточкаларды таратады», - деп хабарлады Астананың ІІД жергілікті полиция қызметінен.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері саяжай алаптарын, құрылыс нысандарын, базарларды және жалға берілетін ғимараттарды, пәтерлерді, үйлерді аралайды. Жасалған тізімдер шара қолдану үшін Астана қ. Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберіледі.
«Сонымен қатар, тәртіп сақшылары полиция есебінде тұрған тұлғаларды тексеріп, ел аумағында болу ережелерін бұзған шетелдіктерді анықтайды. ЖААІШ барысында учаскелік инспекторлар азаматтарға уақытша тіркеу бойынша түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде», - делінген хабарда.
Бұл шара азаматтардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге және елордадағы қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Полицейлер Астанада үйлерді аралайды
