Полицейлер көп балалы аналар мен Ақорда арасында сап түзеп тұр, ал әйелдер Сұлтановты қоршауға алды

Астана. 3 маусым. ҚазТАГ – Согдияна Идрисова. Полицейлер көп балалы аналар мен Ақорда арасында сап түзеп тұр, ал әйелдер Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтановты қоршауға алды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Ондаған полиция қызметкерлері Қазақстан президенті Қасым-ЖомартТоқаевпен, еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және премьер-министр Асқар Маминмен кездесуді талап етіп жатқан көп балалы аналарды Ақордаға жібермеу үшін сап түзеп тұрып алды. Полицейлердің артында бірнеше полиция автобустары тұр.
Қазіргі таңда қордаланып қалған проблемаларының шешімін табуды, баспанаға қатысты бұған дейін берілген уәделердің орындалуын талап етіп жатқан әйелдер «Астана» деп ұрандатуда.
Ал енді бір бөлігі елорда әкімі Сұлтановты қоршап отырып алып, оны жіберуден бас тартуда.
Бұған дейін хабарлағандай, ондаған әйел алдымен Ақорда ғимаратына келді, сосын үкімет пен парламент арасындағы алаңға көшті.
Көпбалалы аналар қордаланып қалған проблемаларының шешімін табуды, баспанаға қатысты бұған дейін берілген уәделердің орындалуын талап етуде.
Олармен кездесуге Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов, вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова, сондай-ақ, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев келді. Олар әйелдерге әрқайсысының проблемасын жекелей қарастыру үшін ішке біртіндеп кірулерін сұрады, алайда көп балалы аналар Тоқаев, Назарбаев пен Мамин олармен кездесуге шықпайынша ешқайда кетпейтіндерін айтып, олардың ұсыныстарынан бас тартты.
Көп балалы аналар айтқан проблемалар қашан шешімін табады деген сұраққа билік өкілдері проблемалардың кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын мәлімдеді. Алайда әйелдердің өздері ол мәлімдемені теріске шығарып, ешқандай проблеманың шешілмегенін атап айтуда.
Оқиға орнында ҚазТАГ ХАА тілшісі жұмыс жасап жатыр.
Көп балалы аналардың азаматтық акцияларға қатысуы Астанада 4 ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққаннан кейін жиілеп кеткен. Өртті сөндіру барысында бес баланың мәйіті табылған: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналар ол кезде жұмыста болған. Көптеген қазақстандықтың пікірінше, егер елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай түнгі ауысымдағы жұмысқа бару үшін балаларын қараусыз қалдыруға тура келмейтіндей жағдай жасаса ғана қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
Қазақстанның бірқатар өңірлерінде азаматтардың жұмысқа орналастыру және жалақыларын көтеру туралы жаппай талап қоюы, сондай-ақ ірі қалалардағы, соның ішінде Астана мен Алматыдағы көп балалы аналардың митинг өткізуі халықтың көңілі толмаушылықтың нәтижесі болып отыр.
Осы жағдайларға байланысты Назарбаев экс-премъер Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметті отставкаға жіберді. Жаңа үкіметті бұрынғы бірінші вице-премьер Мамин басқарды.


adimage