ҚР 609 елді-мекен су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан – ІІМ

Астана. 25 ақпан. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Қазақстанның 609 елді-мекені су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан, деп мәлімдеді ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
«Қазгидромет» РМК алдын-ала ауа райы болжамы бойынша жалпы елдегі қар қоры мен өзен бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі нормадан айтарлықтай жоғары. Бұл ретте қар басу процесі жалғасуда. Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдайдың қиындау ықтималдығы жоғары. Қазір елімізде 609 елді мекенді және 675 автомобиль жолын және 259 темір жолды су басу қаупі бар», - деді Тұрғымбаев сейсенбі күні үкімет отырысында.
Оның айтуынша, су басу жағдайларын болдырмау мақсатында елдімекендерден 8,8 млн текшеметрден астам қар шығарылды, ЖЖМ (13,5 мың тонна), инертті материалдар (152,6 мың тонна), ыдыс-қап (840 мың дана) және жарылғыш заттар (47 тонна) қоры қалыптастырылды, төтенше резервтер мен шұғыл шығындарға Т34,2 млрд қарастырылған.
«Ықтимал су басу жағдайына эвакуацияланатын халықты қабылдайтын 1 707 бекет әзірленіп, маршруттар жаңартылды, қажетті көлік бөлінді, қажетті құралдарды, азық-түлік пен ауыз су қорын дайындады. Су тасқыны болған жағдайда жедел ден қою мақсатында ішкі істер органдарынан жалпы саны 9 мың адам және 1 730 техникадан тұратын арнайы күштер мен құралдар топтамалары құрылды, жекелеген өңірлерде су тасқыны жағдайының қиындауы мүмкіндігіне қосымша күш пен құтқарушы бөлімшелерді дайындау мәселелері қаралуда», - деді Тұрғымбаев

adimage