ҚР ақпарат және коммуникация министрлігіне қылмыстық жауапкершілік туралы еске салды

Астана. 18 ақпан. ҚазТАГ –Журналистер eGov сайтындағы «Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің «Журналистерді аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы № 138 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрық» жобасын қоғамдық талқылау бетінде Қазақстанның ақпарат және коммуникация министрлігіне қылмыстық жауапкершілік туралы еске салды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Журналисті ақпаратты таратуға не таратудан бас тартуға мәжбүрлеу жолымен, сол сияқты журналистің заңды кәсіптік қызметін орындауына кедергі жасайтын не оны осындай мүмкіндіктен толық айыратын жағдай туғызу жолымен оның заңды кәсіптік қызметіне кедергі жасау – бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады», - деп келтірді Айнур Коскина ҚР ҚК 158 бабы 1 бөлімін.
Ол еске салғандай, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған, сол сияқты журналиске немесе оның жақындарына қатысты күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не олардың мүлкін бүлдіріп немесе жойып жасалған дәл сол іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
«ҚР Қылмыстық кодексі. 159-бап. Ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу құқығын заңсыз шектеу – сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады», - деді А. Коскина.
13 ақпан күні жоба қоғамдық талқылауға шыққан сәттен бастап журналистер АКМ жоспарын сынға алатын теріс пікірлер қалдыруда.
«Ал ішкі тәртіп модератордың қалауы бойынша белгіленеді ме? Басқаша айтқанда «мыналарды шақырамыз, бұлар бізге керек сұрақтарды қояды, ал мыналарға тимейміз»?» - деп жазды журналист Данияр Кунафин.
Журналист Евгения Ермакова блогерлер мен фрилансерлердің мүдделерінің неге ескерілмейтінін сұраған.
«Неге аккредиттеуді редакция ғана жасай алады, неге журналистің өзі емес? Қаласа кез келген меморган журналистерді орналастыратын орынның жоғын айта алады ғой. Мен бұл тармақтың ережеге енгізілуіне қарсымын. Меморандар отырыстарында түрлі деңгейдегі бюджеттің игерілуіне қатысты, мембағдаралмаларды жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланады. Бұл заң бойынша ашық ақпарат, ол әр азаматқа қол жетімді болуы керек. Бұл тармақ қазақстандықтардың ақпаратқа қол жетімділік құқығын бұзады», - дейді Е. Ермакова.
Журналист Жамиля Каримова да ұсынылып отырылған нормалардың бірі «ұйымдастырушыларға, әсіресе мемқұрылымдарға, шараға кімді шақыратындарын, кімді шақырмайтындарын өз беттерінше шешуге мүмкіндік береді» деген ойда.
«Бұл БАҚ туралы қолданыстағы заңның ақпаратқа қол жетімділік бөлігіне қайшы келеді, тіпті ақылға да қонымсыз! Бұл норма – қазақстандық журналистикаға қазылған көр! Құрметті әзірлеушілер, сіздер соны түсінбейсіздер ме???», - деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол аккредиттеуші органның ішкі тәртібін сақтайтыны туралы журналистің өзінің жазбаша келісімі не үшін керектігін сұраған.
«Яғни журналистер өздерін қоғамдық жерлерде ұстай алмайды дегенді білдіреді ме? Бұл барып тұрған сандырақ! Бұл журналистерді сыйламау. Егер сондай норманы жоспарласаңыздар, онда журналистің іс-шараларда жат қылық танытқан жағдайларынан статистикалық мәлімет келтіріңіз. Қазақстанда бір жылда өткен іс-шаралар саны мен сол кездегі журналистің өзін лайықсыз ұстау жағдайларының санын салыстырайық. Мүмкін сол кезде барып мұндай норма керек пе деген сұраққа жауап табатын шығармыз?» - деп атап өтті Ж. Каримова.
Осы секілді ашуға толы пікірлерін көптеген журналистер eGov сайтында бұйрық жобасының астында да қалдырған – олардың барлығы АКМ-ның қолданыстағы бұйрыққа енгізу ұсынылған өзегерістері заңсыз және коституцияға қарсы деп көрсеткен.
Еске салсақ, 13 ақпанда ҚазТАГ АКМ «Журналистерді аккредиттеу қағидатын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 21 маусымдағы № 138 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрығына түзетулер енгізуге ниетті екенін хабарлады. Сол түзетулер енгізілген жағдайда қолданыстағы қағидаларға қарағанда журналистердің іс-шараларды таратуға жіберілу ережесі күшейтілетін болады. Құжат 13 ақпанда қоғамдық талқылауға шығарылды, ол 27 ақпанға дейін жалғасады.
АКМ жоспарын Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев та сынады, ол аккредиттеудің жаңа қағидалары арқылы мемлекеттік органдар журналистердің қоғамдық жаппай шараларға жіберілуін шектейді деп санайды. Ол журналистің шара өтетін жердегі ішкі тәртіпті сақтауға жазбаша түрде келісім беру сияқты мағынасыз талап Қазақстанда ешқашан болған емес деп атап өтті. Сонымен қатар ол журналист пен БАҚ арасында келісім-шарттық қарым-қатынастың барын растайтын құжатты ұсыну туралы тармаққа да көңілі толайтынын білдірді, себебі ол азаматтық журналистиканың жоғалуына алып келеді. С. Матаев әзірге қағида жобасын талқылайтын уақыт бар кезде қазіргі таңда қоғамдық пікірді қалыптастырудың маңызды сегменті болып табылатын әлеуметтік желіде көптеген сын туғызу керек деп санайды.
«Өз кезегінде, біз қағида жобасын әріптестерімізбен, халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорымен талқылаймыз, сөйтіп қандай да бір келісілген шешім қабылдаймыз, үнсіз қалмаймыз», - деп түйді сөзін Қазақстан журналистер одағының төрағасы.
АКМ-ның түзету енгізу туралы жоспарын басқа алаңдардағы журналистер де сынға алды, соның ішінде Facebook әлеуметтік желісіндегі қоғамдастықтарда да, сондай-ақ WhatsApp мессенджерінде кәсіби чаттар топтарында да талқыланды.
Міне кейбір пікірлер: «Журналистер сөз бостандығы үшін! Журналистер Абаевтың отставкасы үшін!», «Бір нәрсе жасайық. Ертең тек трансляцияны, сауалдар бойынша берілген жауаптарды ғана өңдеп отыратын боламыз», «Бұған дейін де түзетулер болған, бұған дейін де – біртіндеп редакцияларды жою, журналистер мен редакцияларды ашықтан-ашық сатып алу, оның үстіне түзетулер, тағы редакциялау. Егер тарихқа көз жүгіртсек- біз өз-өзімізді жоюға өзіміз жол берген екенбіз», «Министр осы қызметіндегі уақытта қолдауға тиіс саласына қысым көрсетумен айналысып келген».
14 апанда Ақпарат және коммуникация министрлігінің БАҚ қызметкерлерін аккредиттеудің қолданыстағы қағидасын күшейтуге бағытталған бастамасына түсінік берген Қазақстан парламенті сенатының депутаты Дариға Назарбаева журналистердің өз мамандықтары үшін күресе білулері керегін айтты.
«Қазір билікпен өзара қарым-қатынас жасаудың барлық мүмкіндіктері бар. Заң жобалары талқыланғанда – өз пікірін білдіріп, парламент және үкімет депутатттарымен жұмыс жасауға. Сіздер өз мамандықтарыңыз үшін күресе білулеріңіз керек. Осыны жақсы үйреніңіздер. Сіздер тек бірдеме болып қалған жағдайда ғана еске аласыздар», - деді бейсенбіде сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Д.Назарбаева.
Бұл ретте ол АКМ бұйырығының жобасымен таныспағанын атап өтті.
Сол күні алматылық журналистердің ақпарат және коммуникация министрлігінің (АКМ) іс-шараларға аккредиттеудің жаңа ережелері туралы бұйрық жобасына қарсы митинг өткізу туралы қалалық әкімдікке өтініш жолдағаны хабарланды.
14 ақпанда ҚазТАГ ХАА редакциясы бас прокуратураға журналистерді аккредиттеудің қолданыстағы ережесін күшейтуге бағытталған түзетулерді енгізу туралы ақпарат және коммуникация министрлігінің бастамасының заңдылығын түсіндіріп беру туралы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың атына ресми сауал жолдады.
Атап айтқанда, редакция бас прокурордан 13 ақпанда АКМ қоғамдық талқылауға шығарған түзетулер жобасына жалпы және әр даулы тармақ бойынша жекелей оның заңдылығын түсіндіруді өтінді, сонымен қатар бақылаушы орган аталмыш дерек бойынша кімге қатысты және қандай уақытта қандай жауап қату шараларын қабылдайтынын сұрады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бас прокуратура сауалға сауалды алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде, яғни кем дегенде 18 немесе 19 ақпанда жауап беруі керек.

adimage