ҚР БҒМ кәсіби білім беру департаментінің директоры Қадырбек БӨРІБЕКОВ: ЖАҚСЫ МАМАНДЫ ҰСТАП ТҰРУ ҮШІН, ОҒАН ЖАҚСЫ ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕУ КЕРЕК

 

Астана. 29 тамыз. ҚазТАГ - Анастасия Прилепская. Биылдан бастап қазақстандық техникалық және кәсіби білім беру оқу орындары (ТжКБ) жаңаша форматпен, мемлекеттік кәсіпорын іспеттес жұмыс істей бастайды. Осындай ұйымдастырушылық-құқықтық құрылым жағдайында не өзгеретіні туралы, «технарьларды» кім және қандай базада дайындайтыны туралы ҚР білім және ғылым министрлігінің техникалық және кәсіби білім беру (ТжКБ) департамент директоры Қадірбек Бөрібеков айтып берді.

- Қадырбек Қозыбайұлы, дәл осы ТжКБ оқу мекемелерінде мұғалімдер жетіспейтіндіктері туралы мәселенің әр деңгейде көтеріліп жүргеніне бірнеше жыл болды. Кәсіби техникалық оқу орындары мен колледждерге мұғалімдер барғысы келмейтіндігі құпия емес, бұрынғы педагогтар жоқ. Қазіргі жағдай өзгерді ма?

- Кеңестік дәуірде де, бүгіндері де ТжКБ саласында арнайы пәндерді инженерлер, технологтар, бірінші кезекте өз саласының мамандары беріп отырды. Иә, соңғы жылдары әр оқу жылының басында дәл сол арнайы пән мұғалімдерінен 1000-1200 адамдық кадрлар тапшылығы болады. Себебі ол мамандар кез келген сәтте жалақысы ТжКБ саласына қарағанда жоғары болып келетін өндіріске кетіп қала алатындығында. Инженерлік-педагогикалық кадрларды нығайту проблемасы ашық көрініп тұр: жақсы маманды ұстап қалу үшін, оған жақсы жалақы төлеу керек...

- Ал колледждердe оған мүмкіндік жоқ па?

- Кез келген жағдайда, білім беру саласында жалақы өндіріске қарағанда төмен. Бірақ биылдан бастап барлық КжТБ оқу мекемелері мемлекеттік кәсіпорындар ретінде түрленеді. Ал олар өз қаражаты есебінен қосымша жалақы тағайындап, мамандарды қызықтыра алады. Қосымша білім беру қызмет түрлерін көрсету және кадрларды дайындауға байланысты өндірісттік жұмыс атқару есебінен деуге болады.
Бұл тұрғыдан мемлекеттік кәсіпорында мемкеттік мекемеге (КжТБ оқу мекемелерінің бұрынғы ұйымдастур-құқықтық формасы – ҚазТАГ) қарағанда еркіндігі көптеу болады. Олар мемлекеттік тапсырыс және мемлекеттік қаражат есебінен өмір сүрген.

- Мұғалімдердің тапшылығын жабу үшін шетелдіктерді тартуға тура келе ма?

- Иә, солай, бірақ, ол негізінен ағылшын тілінің мамандары. Мәселе, қазір технологиялар трансфертінің кеңінен таралуында, Қазақстанда өндірісте шетелдік жабдықтар пайдаланылады. Сондықтан біз республикалық бюджет есебінен жыл сайын 60 мұғалім шақыртып отырмыз. Олар колледж шәкірттерін ағылшынша және немісше тілге үйретеді. Қазір жаңа технологиялармен жұмыс істегенде олар ағылшынша немесе немісше нұсқамалармен жұмыс істейді ғой. Одан басқа кәсіпорындарда ғана пайдаланылатын ымдау белгілері бар, оларды да игеру керек.

- Ал арнайы техникалық пәндер бойынша шетелден мұғалімдерді шақырттыңыздар ма?

- Әзірге жаппай шақырту болған жоқ, тек жекелеген жағдайларда ғана Еуропалық одақ компанияларының Қазақстанда жүргізген жекелеген жобаларына ған шақырттық. Ондай жағдайларда компаниялардың өздері қажет мамандықтар бойынша мұғалімдердің келуіне демеушілік жасады.
Бірақ, биылдан бастап, политілдік дайындыққа өтуге байланысты, біз арнайы пәндер бойынша мұғалімдерді шақырта бастаймыз. Әзірге республикада тек 6 КжТБ оқу мекемесінде ғана негізгі мамандықтарды шетел тілінде дайындау жіргізіледі. Жаңа оқу жылынан бастап осындай оқу орындары елімізде 20-дан астам болады. Солардың базасында біз сабақты ағылшынша өту тәжірибесін пысықтаймыз, одан кейін ол тәжірибе бүкіл елге таралады.
Бүгінгі мектеп бітірушілер колледждерге ағылшынша тіл меңгеріп келеді, олармен жұмыс істеу оңай. Мәселе ағылшынша білмейтін мұғалімдерде болып отыр. Әрине, олар үшін біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылған, онда ағылшынша оқу да бар...

- Кәсіби училищелер мен колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі шешіліп жатыр ма? Зертханалар мен шеберханалардың жағдайы көңіл көншітпейтіні, кеңес заманынан қалған тот басқан станоктар туралы көп рет естігеніміз бар …

- Сізге тот басқан станоктар туралы кім айтқанын білмеймін. 1999 жылы колледждерде ескі жабдықтар тұрған шығар… Айтпақшы, мысалы, металл өңдеу өнеркәсібінде жоғары технологиялар пайдаланылатын Норвегияда өндірісте 1970-1980 жылдары шығарылған КСРО сапа белгісі бар кеңестік станоктар осы уақытқа дейін пайдаланылады. Ол станоктар керемет жұмыс істейді, олар сандық бағдарламалармен толықтырылады. Станоктардың ескілігінен қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Шын мәнінде, елімізде колледждерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатыр. Еске сала кетейік, 90-шы жылдардың басында 2005 жылға дейін ТжКБ мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлінбеген. Колледждер өздері ақша тапқан немесе жекелеген кәсіпорындар арқылы өздеріне жабдықтар орнатқан. 2010 жылға жүргізілген талдау бойынша, ТжКБ мекемелерінің 6%-ында ғана жабдықтар жаңартылған.
Бірақ, 2010 жылдан бері жыл сайын ТжКБ мекемелеріне жергілікті бюджеттерден қаржыландыруға қосымша ретінде республикалық бюджеттен 60 млн теңгеден бөлініп келді. Өткен жылы республикалық бюджеттен 2,454 млрд теңге бөлінді, осы қаржы есебінен 101 оқу мекемесіне жаңа жабдықтар сатып алды. 2015 жылға дейін кәсіби білімді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бойынша ТжКБ оқу мекемелерінің 70%-ын жаңартып, ең заманауи жабдықтармен жарақтау жоспарланған.

- Техникалық және кәсіби білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі өндірістік тәжірибе дегенмен келісесіз бе? Оны зауыттарда өткізу керек қой, ал еліміздегі кәсіпорындардың көбі тоқтап қалды. Жағдайды түзету үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?

- Өндірістік тәжірибесіз жұмыс кадрларын, инженерлерді, технологтарды дайындау мүмкін емес! Мұндай тәжірибені қамтамасыз ету қиынға соққан кездер болды. 2008-2012 жылдарға арналған ТжКБ дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданған соң ғана орталық атқарушы органдар мен ірі ұлттық және шетелдік компаниялардың деңгейінде 29 меморандумға қол қойылды. Қазір олар бойынша өндірістік тәжірибе өткізіледі, өйткені аймақтардың бәрінде ірі компаниялардың бөлімшелері бар.
Еске сала кетейін, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, білім және ғылым министрлігі және «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының арасында 2007 жылы кадрларды дайындау туралы ұлттық пактіге қол қойылған. Жұмыс берушілердің өндірістік тәжірибені ұйымдастыруға қатысуы осы құжаттардан басталды.

- Мәселе шешілді деуге негіз бар ма?

- Кейбір мамандықтар бойынша (тәжірибеден өтетін жұмыс орындарының - ҚазТАГ) тапшылық бар. Әдетте, бұл мәселе оқу орны мен нақты кәсіпорынның арасындағы келісіммен шешіледі. 2009 жылы республика бойынша ондай 3,5 мың келісімге қол қойылған, ал бүгінгі күні олардың саны - 17,5 мың. Олардың шеңберінде тәжірибе жинақтауға жыл сайын 135 мың жұмыс орны бөлінеді.

- Алайда Қазақстан өнеркәсібінің барлық салаларында студенттер тәжірибе жинақтай алатын зауыттар бар деуге болмас. Мысалы, автокөлік жасау саласы елімізде енді қадам басым келеді …

- Автокөлік жасауға келсек, міндетті түрде зауыттарда тәжірибе жинақтау керек емес. Автокөлік құрастырылатын зауытта кім жұмыс істейді? Жөндеуші, моторшы, кузов маманы, автоэлектрик. Олар техникалық қызмет көрсету станциясында да тәжірибеден өте алады. Көлікті жөндеу, пайдалану мамандарын дайындауда базалық кәсіпорындар ретінде басқа елдердің көліктерін сататын компанияларды да пайдалануға болады. Біздің студенттеріміз солардың сервис-орталықтарының базасында да тәжірибеден өтіп жүр.

- Бүгінгі күні Қазақстанда КжТБ оқу мекемелерінің саны қанша және жаңаларын ашу жоспары бар ма, олардың бейіні қандай болады?

- Биыл Астана мен Алматыда колледждер жобаланады, келесі жылдары Шымкент пен Ақтөбеде. Оңтүстік Қазақстан ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуге бағдарланған аймақ болғандықтан, Шымкенттегі колледж аграрлық мамандықтарға, ал Ақтөбедегі колледж мұнай-газ саласына бағдарланады.
2020 жылға дейін білім саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, бізде мамандықты игерудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бірнеше өңірде ТжКБ мекемелерінің құрылысы жоспарланған. Бұдан басқа, мемлекет басшысының әлемдік деңгейдегі колледждер құру туралы тапсырмасы бар. Бұл жоғары білімдегі Назарбаев университеті сияқты мүлдем жаңа оқу орындары болады. Бізде 2014 жылға дейін ондай 4 колледж құрылады.
1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанда 896 техникалық және кәсіби білім мекемесі болған, оның 511-і - мемлекеттік, қалғандары - жеке меншік оқу орындары.


- Сұхбатыңызға рахмет.
 


adimage