ҚР-да бір жылда сақтандыру сыйақыларының көлемі 10,5% өсті

Алматы. 30 сәуір. ҚазТАГ – Сақтандыру сыйақылары бір жылда 10,5% өсіп - 118,9 млрд теңгеге жетті, деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
«2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша сақтандыру секторында 27 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жұмыс істейді. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2019 жылғы 1 сәуірде 1 105,9 млрд теңгені (жыл басынан 5,5%-ға өсті) құрады. 2019 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 50,9%-ға 24,0 млрд теңгеге дейін артты. «Өмірді сақтандыру» саласы бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық сақтандыру сыйлықақыларындағы үлесі 2018 жылғы 1 сәуірдегі 14,8%-бен салыстырғанда 20,2%-ды құрады», - делінген хабарда.
Ұлттық банк ақпарынша, 2019 жылдың басынан бастап жүргізілген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі (қайта сақтандыруға қабылданған шарттар бойынша жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерін шегергенде) 20,8 млрд теңгені құрады, бұл 2018 жылғы осы кезеңге қарағанда 16,3%-ға артық.
«Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 24,8 млрд теңгені немесе сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 20,8%-ын құрады. Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының 92,3%-ы Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қайта сақтандыруға берілді», - делінген хабарда.
2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылдың ұқсас көрсеткішімен салыстырғанда 10,5%-ға 118,9 млрд теңгеге дейін өсті, оның ішінде тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі – 110,5 млрд теңге.
2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша сақтандыру саласында 27 сақтандыру мекемесі бар.

adimage