ҚР-да көпбалалы отбасыларға жаңа мемжәрдемақы төлеу басталады

Астана. 5 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстанда 2020 жылдың қаңтарынан бастап балалар санына қарай көпбалалы отбасыларға Т42,5 мыңнан Т74 мыңға дейін жаңа мемлекеттік жәрдемақы төлеу басталады, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар үшін балалары кәмелет жасына толғанға дейін табысына қарамастан, ай сайын жәрдемақы төленетін болады. Мемжәрдемақы мөлшері әр түрлі, яғни әр балаға орта есеппен Т10 мың 625-тен келеді. Сонымен, төрт баласы бар отбасылар Т42,5 мың, бес баласы барлар - Т53 мыңнан астам, алты – Т64 мыңнан астам, жеті және одан көп – Т74,4 мыңнан астам. Бұл ретте кірісі кедейлік шегінен төмен отбасыларға төленетін атаулы әлеуметтік төлем сақталады.
Сонымен қатар, баланың туылуына байланысты біржолғы төлем де өседі. Бірінші, екінші және үшінші баланың туылуына байланысты біржолғы төлем 38 АЕК, яғни Т100 мың 738 болады. Төртінші және одан да көп балалардың туылуына орай 63 АЕК немесе Т167 мың 13 теңгені құрайды.

adimage