ҚР-да логистика кірісі 2025 жылға қарай интернет-сауда есебінен Т1,27 трлн жеткізілмек

Астана. 28 ақпан. ҚазТАГ – ҚР-да логистика кірісі  2025 жылға қарай интернет-сауда есебінен Т1,27 трлн жеткізілуі мүмкін, делінген сауда және интеграция министрлігі ұсынған Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасында.
«Еуропаға тасымалдаудың жалпы көлемінен интернет жеткізілімдер көлемін  Қазақстан аумағы арқылы қайта бағыттау үшін  Қазақстанда барлық инфрақұрылымдық және процедуралық мүмкіндіктер барын ескере келе, Қазақстандағы логистикалық компаниялар 2025 жылға қарай Т132 млрд. сомадан Т1,27 трлн. сомаға дейін кіріс табуы мүмкін», - делінген тұжырымдамада.
Хабарда атап өтілгендей, электронды сауда  2000 жылдары бірінші интернет-дүкеннің ашылуынан бастап пайда болды, «бұл ретте ол тек соңғы жылдары ғана жаппай дамыған».  
«Қазіргі таңда әлемде электронды сауданың барынша қарқынды дамып жатқан бағыттарының бірі азық-түлік тағамдары мен ауыл шаруашылық тауарларын сату.  2023 жылға қарай болжам бойынша аталмыш сала 2018 жылмен салыстырғанда   64%-ға өседі және оның көлемі  $134 млрд. асады. Қазақстанда азық-түліктің электронды сауда көлемі Т16,4 млрд құрайды және барлық тауарлардың электронды саудасының  4% ғана құрап отыр», - деді құжатты әзірлеушілер.
Электронды сауда субъектілері үшін «белгілі бір критерийлерге сәйкес келген жағдайда» жеке және корпоративті табыс салығынан босату түрінде салықтық жеңілдіктер қарастырылған.  
«2018 жылдың 10 айында пошталық жөнелтілімдер көлемі 4 млн. дананы құраған, қызмет көрсететін интернет-дүкендер саны – 80.  Электронды саудамен айналысатын кәсіпкерлерге қолайлы болу үшін 2025 жылы Қазақстанның барлық облыс орталықтарын фулфилмент-орталық қызметімен қамту жоспарланған. Мәселен, 2020 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Сарыағаш қалаларында төрт орталық ашу жоспарда бар және 2025 жылға қарай тағы 12 орталық ашылмақ. Фулфилмент-орталықтары желісін кеңейту пошта жөнелтілімдерінің көлемін арттырып, олардың санын 2025 жылға қарай 82,8 млн данаға жеткізу және 1 мыңнан астам интернет-дүкендерге қызмет көрсету жоспарлануда», - делінген тұжырымдамада.

adimage