ҚР-дан ҚХР-ға электрэнергиясын жеткізу мүмкіндігін зерттеу үшін Қазақстан мен Қытай жұмыс тобын құрамақшы

Күні: 13:14, 30-10-2014.

Астана. 30 қазан. ҚазТАГ – ҚР-дан ҚХР-ға электрэнергиясын жеткізу мүмкіндігін зерттеу үшін Қазақстан мен Қытай жұмыс тобын құрамақшы, деп хабарлады ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
«29 қазанда Бейжіңде Қазақстан-қытай сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар және Қазақстан-қытай ынтымақтастық жөніндегі комитеттің Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық бойынша кіші комитетінің 7-мәжілісі өтті, - деп көрсетілген ҚР СІМ сайтында жарияланған хабарда.
Хабарда айтылғандай, қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов, қытайлық делегацияны ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопин басқарды.
Консультациялар барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері, сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттестік бойынша пікір алмасты.
Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықтың нәтижелі дамуына қанағат білдіріп, үнемі өткізілетін сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар Қазақстан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық әріптестікті ілгерілетуге мүмкіндік беретін маңызды тетік болатынын айқындады.
Жоғары және жоғарғы деңгейдегі байланыстардың маңыздылығы атап өтілді. Тараптар үстіміздегі жылдың желтоқсанда ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцяннің Қазақстанға ресми сапары және ҚР мен ҚХР үкіметтері басшыларының 2-ші тұрақты кездесуін дайындау бойынша мәселелерді талқылады.
Қазақстандық тараптың бастамасы бойынша Қазақстаннан Қытайға электр қуатын тасымалдауды қарастыру жөніндегі жұмыс тобын құру және ҚР-ҚХР өңірлері арасындағы форумды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
ҚХР СІМ жоғары өкілі Қытайдың трансшекаралық су ресурстарын бөлу туралы қазақстан-қытай үкіметтері арасындағы келісімді әзірлеу бойынша келіссөздерді 2015 жылдың басында бастауға әзірлігін растады.
Сонымен қатар консулдық-визалық мәселелері көтерілді.
Қазақстан-қытай ынтымақтастық жөніндегі комитеттің Қауіпсіздік саласындағы ынтымақастық бойынша кіші комитетінің 7-мәжілісі барысында ҚХР қорғаныс, қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздік министрліктерінің өкілдері және олардың қазақстандық әріптестері Таяу Шығыс, ҚХР ШҰАА және Ауғанстанды қоса алғанда, халықаралық және аймақтық ахуалдардың күрделілену жағдайында қауіпсіздік саласындағы өзара әрекеттесуді күшейтудің өзектілігін атап өтті.
Тараптар ірі бірлескен экономикалық және инвестициялық жобалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды жалғастыру, есірткі, лаңкестік, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрес және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді келісті.
Кіші комитеттің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытайдың қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың басымды бағыттарын анықтайтын хаттамаға қол қойылды.


Жаңалықтармен бөлісу: