ҚР ІІМ алдында тергеу изоляторындағы саяси белсендінің өліміне қатысты қарсылық білдіргендер жаппай ұсталды

Астана. 25 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстанның ішкі істер министрлігі ғимараты алдында саяси белсенді Дулат Ағеділдің тергеу изоляторында қайтыс болуына қатысты қарсылық білдіргендер жаппай ұсталды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Ондаған қарсылық білдірушілер Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздік даңғылын жауып тастап, ІІМ басшылығының жағдайды түсіндіруін талап етті. Азаматтар сот-медициналық сараптамасын ашық өткізулерін сұрады. Әскерилер ондаған адамды күштеп полиция автобустарына отырғызып, белгісіз бағытта алып кетті. Көшені жауып тастағандарды полицейлер «арандатушылар» деп атады.
«Жүректен кетті деп жазды – бұл алдын-ала ақпарат. Ылаң салудың қажеті жоқ. Сіз бұл үшін жауап бересіз», - деп жауап берді Нұр-Сұлтанда полиция департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Малыбаев Ағеділдің өлімі туралы нұсқаға түсінік беруін өтінген әйелге.
Қасында тұрған полицейлерге сұрақ қойған әйелдің кім екенін анықтауды тапсырды.
«Егер артық сөйлеуіңізді доғармасаңыз мен шара қолданамын!» - деді Малыбаев.
Журналистердің ІІМ өкілдерінің шығуын талап еткендерді не үшін алып кетті деген сұрағына ПД бастығының орынбасары бұл сұраққа жауап бере алмайтынын, алайда ұсталғандар арасында «жанжал шығарушылар» барын айтып, олар міндетті түрде жауапкершілікке тартылады деді. Ал «кінәсіз әйелдерді» Малыбаев босатуға уәде берді.
Бұған дейін белгілі болғандай, саяси белсенді Дулат Ағеділ Нұр-Сұлтанда тергеу изоляторында қайтыс болған еді. Полиция ол мас болған-мыс және жүректен қайтыс болды деп отыр.

adimage