ҚР өңірлеріндегі бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер мен полицейлер пара алған деген күдікке ілінді

Күні: 17:48, 22-02-2019.

Астана. 22 ақпан. ҚазТАГ – Баубек Коныров. Ақтөбе облысында үш полицей 300 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлады ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова.
«Ақтөбе қаласындағы ПБ Астана аудандық №2 қалалық полиция бөлімі бастығының жедел жұмыс бойынша орынбасары (полиция майоры), осы бөлімнің аға жедел қызметкері (полиция капитаны) және тағы бір жедел қызметкердің (полицияның аға лейтенанты) пара алу фактісі анықталды. Олар алдын-ала сөз байласып, бір азаматтың ұлын қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін 300 мың теңге сомасында пара алған деген күдікке ілініп отыр», - деп мәлімдеді Бастарова жұмадағы брифингте.
Ол түсіндіргендей, аталмыш іс бойынша тексеру жалғасуда.
«14 ақпанда жедел қызметкердің біріне қатысты кінәсін толығымен мойындауына байланысты үй қамағы түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Екінші желе қызметкерге қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалған жоқ. Ал бастықтың орынбасарына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтарпау шарасы таңдалды», - деді Бастарова.
Сондай-ақ, оның ақпарынша, «Қазақстан су жолдары» РМҚК бас директорының орынбасары да пара алды деген күдікке ілінген.
«Павлодар облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Департаменті «Қазақстан су жолдары» РМҚК бас директорының орынбасарына қатысты «Қазақстан су жолдары» РМҚК Павлодар филиалының басшысынан 1 млн теңге сома көлемінде пара алған деген күдікке іліккен. Тергеу жалғасуда», - деді Бастарова.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның Алматы облыстық департаменті Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр.
«Ол жалпы білім беру мекемелерінің басшыларынан қамқорлығы үшін бірнеше рет пара алды деп күдікке ілініп отыр. Тергеу жалғасуда», - деп түсіндірді Бастарова.


Жаңалықтармен бөлісу: