Астана. 3 қазан. ҚазТАГ - Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауы оқылды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
Іс-шараның ашылуында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың съезге қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді.
«Мемлекет басшысы қызмет формалары мен әдістерінің қайта қаралатынына, сонымен бірге еңбек нарығының жаһандық трансформациясын ескере отырып, Қазақстан кәсіподақтары қозғалысын одан әрі дамытудың жаңа стратегиясы әзірленетініне сенім білдірген», - делінген құттықтау мәтінінде.
Сонымен қатар, онда «бүгінде Кәсіподақтар федерациясы – 2 миллиондай адамды біріктіріп отырған еліміздегі аса ірі қоғамдық ұйым. Жұмыс істеп жатқан 18 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдары еңбек жанжалдарын шешуге, еңбекшілердің құқықтарын қорғауға, еңбек шарттары мен қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етіп, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы басты медиатор болып отыр. Үшжақты әлеуметтік әріптестік моделі де өзінің тиімділігін дәлелдеді, оның аясында жұмыс орындарын сақтау жөніндегі 115 мыңнан астам меморандумға қол қойылған. Кәсіподақтардың қатысуымен Халықаралық еңбек ұйымының 24 конвенциясы ратификацияланды. Бұл шаралардың бәрі еңбекшілердің жұмыс жағдайын жақсартып, олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған».
Сондай-ақ, президенттің айтуынша, «кәсіподақтар федерациясы өзіне еңбек саласын жаңғырту жөнінде жауапкершілік ала отырып, жұмыс берушілермен бірге қазақстандықтардың Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа жағдайларына әлеуметтік бейімделуімен шұғылданатын қозғаушы күшке айналуға тиіс».
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы 21 салалық кәсіподақтан және 17 аумақтық бірлестіктен тұрады.
ҚР Кәсіподақ федерациясының формалары мен әдістері қайта қаралады - Назарбаев
