ҚР МСМ спортшының шырынындағы психотропты зат бойынша ресми мәлімдеме жасады

Астана. 21 қараша. ҚазТАГ – Мәдениет және спорт министрлігі спортшының шырынындағы психотропты зат бойынша ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Биылғы жылдың 5 қыркүйегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне азаматша С.Байтоқовадан оның кәмелеттік жасқа жетпеген, «Республикалық спорт колледжі» РМКК білім алатын қызы Н. Ахметжанды осы оқу орнының оқушысы, кәмелетке толмаған Н.Тұрарованың белгісіз затпен уламақ болғаны туралы шағым келіп түсті. Аталған оқушылар келеңсіз жағдай болған сәтте жатақхананың бір бөлмесінде тұрған. Екі оқушының жаттықтырушысы Т.Тлеумұратов. «Ұлттық допингке қарсы орталық» РМКК орын алған жағдайды зерттеу нәтижесінде «Кока-Кола» сусынында «диазепам» дәрісінің бар екендігін анықтап, аталған дәрі допинг санатына жатпайтынын, бірақ психотропты заттар тобына кіретінін мәлімдеген», - деп хабарлады ҚР МСМ баспасөз қызметінен.
Ведомствода нақтылағандай, 2019 жылдың 1 қазанында колледж әкімшілігіне Алматы қаласы Бостандық аудандық басқармасынан сот-тергеу амалдары аяқталғанға дейін жәбірленуші Н.Ахметжанға моральдық қысым көрсетудің алдын алу мақсатында таэквондо жаттықтырушысы Т.Тлеумұратовты қызметтік міндетінен шектеу туралы ұсыныс түскен.
Колледж директорының 2019 жылғы 1-қазандағы №312 бұйрығымен Т.Тлеумұратов уақытша жұмыстан шеттетілді.
2 қазаннан бастап колледждің 10 оқушы, оның ішінде күдікті Н.Тұрарова, жаттықтырушы Т.Тлеумұратовты өз қызметіне қайтаруды талап етіп, сабаққа келуден бас тартқан.
8 қазанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне азаматша С.Абдрахманова мен басқа да колледж оқушыларының ата-аналарынан Т.Тлеумұратовты жұмысқа қайтару туралы талап-арызы түсті. Сондай-ақ арызда колледж басшылығының жұмысына қатысты да пікірлер білдірілген.
10-12 қазан аралығында Алматы қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен қызметтік тексеру жүргізілді. Комиссия тексеруінің нәтижесінде төмендегідей деректер анықталды: 1) Азаматша С.Абдрахманованың арызында көрсетілген деректер негізсіз деп танылды. 2) Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция басқармасының кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жұмыс инспекторымен бірлесе отырып, біраз уақыттан бері сабаққа бармаған оқушылардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ата-аналарға балалары сабаққа келмеген жағдайда колледжден шығарылуы мүмкін екендігі ескертілді.
Осы ретте 11 қарашадан бастап себепсіз сабаққа қатыспаған 5 оқушы колледжден шығарылды. 4 оқушы қараша айынан бастап сабаққа жүйелі түрде қатысып жүр. 1 оқушы денсаулық жағдайына байланысты ем қабылдауда.
«Аталған қылмыстық іске (ҚР Қылмыстық кодексінің 141 бабы 1-тармағы бойынша Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімінде №197514031003981 тіркелген) қатысты процессуалдық шешім аяқталған жоқ. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», - делінген хабарда.
.

adimage