ҚР парламенті сенатына тағайындалған 16 депутат жұмыстарына кірісті

Күні: 13:18, 17-10-2014.

Астана. 17 қазан. ҚазТАГ – Оксана Скибан. ҚР парламентінің сенаты кезекті алқа отырысын жаңа құраммен бастады, жаңадан тағайындалған 16 депутат жұмыстарына кірісті, деп хабарлады агенттік тілшісі.  

«Сенат депутаттарының сайлауы нәтижесінде палата құрамында айтарлықтай өзгерістер болды. Біздің қатарымызға жергілікті мәслихат депутаттары сайлаған тәжірибелі мамандар, басшылар мен танымал қоғам қайраткерлері қосылды.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жаңадан сайланған сенат депутаттарын құттықтаймын», - деді парламент сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев жұмада.  

Ол бүгін сенаттың жаңартылған құраммен жұмыс бастап жатқанын атап өтті.  

«Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық іс-шаралар кешенін заң тұрғысынан қамтамасыз етуге арналған жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді ол.

Еске салсақ, 1 қазанда сенат депутаттарының сайлауы өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары  болып мыналар тағайындалды:
Ақмола облысынан – Әкімов Рашит Қайыржанұлы; Ақтөбе облысынан – Тағымов Марат Мырзағалиұлы; Алматы облысынан – Мұсаханов Аңсар Тұрсынханұлы; Атырау облысынан – Еңсегенов Сәрсенбай Құрманұлы; Батыс Қазақстан облысынан – Мұқаев Ерболат Рахметұлы; Жамбыл облысынан – Жолдасбаев Мұратбай Сматайұлы; Қарағанды облысынан – Ершов Сергей Михайлович; Қостанай облысынан – Бектұрғанов Серік Шыңғысұлы; Қызылорда облысынан – Еламанов Бекмырза Қайыпұлы; Маңғыстау облысынан – Бортник Михаил Михайлович; Оңтүстік Қазақстан облысынан - Бектаев Әли Әбдікәрімұлы; Павлодар облысынан – Көбенов Манап Шарапиденұлы; Солтүстік Қазақстан облысынан – Перепечина Ольга Валентиновна; Шығыс Қазақстан облысынан – Плотников Сергей Викторович; Астана қаласынан – Жақсыбеков Серік Рыскелдіұлы; Алматы қаласынан - Мұқашев Төлеубек Төлеуұлы.


Жаңалықтармен бөлісу: