ҚР салымшыларының зейнетақы жинақтары 2019 жылдың 1 тоқсанында 2,8% өсті

Күні: 18:35, 30-04-2019.

Алматы. 30 сәуір. ҚазТАГ – ҚР салымшыларының зейнетақы жинақтары 2019 жылдың қаңтар-наурызында 2,8% өсті, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметінен.
«Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2019 жылғы қаңтарнаурызда 262,3 млрд теңгеге немесе 2,8%-ға ұлғайып, 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 9 640,0 млрд теңгені құрады», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, 2019 жылғы 1 сәуірде 3 788,9 млрд теңге болған зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» пайда 2019 жылғы қаңтар-наурызда 96,9 млрд теңгеге ұлғайды.
«Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны есептегенде) 2019 жылғы 1 сәуірде 9,9 млн шотты құрады. 2019 жылғы қаңтар-наурызда зейнетақы төлемдерінің сомасы 54,4 млрд теңгені құрады», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, 2019 жылғы 1 сәуірде БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін бұрынғысынша ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары және ҚР эмитенттерінің корпоративтік бағалы қағаздары алады (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінен тиісінше 40,6% және 29,6%).


Жаңалықтармен бөлісу: